Жақында «Ақ желкен» журналында Рио Олимпиадасында Өзбекстан мемлекетінің намысын қорғап, үздік үштіктен көрінген Елмұрат Тасмұратовтың сұхбаты жарияланған болатын. Елмұраттың Риодағы жеңісі жаны қазақтың бүтінін қуантты. Жаны қазақтың дейтінім, бұл жігіттің жеңісіне қуану түгілі базбіреулер оны қазақ емес, өзбек деп жүрді. Тіпті, сатқынға теңегендер де табылды. Сол себепті, қоңсы жұрттың абыройын асқақтатып жүрген қазақ жігіті туралы көкейдегі мəселелерді тілге тиек етуді жөн көрдім.
Елмұрат Өзбекстандағы қазақ этносының ең көп шоғырланған өңірінде дүниеге келген. Шымкент қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектеп-интернатында тəлім алып, күрестің қыр-сырын үйренгеннен кейін, екі жыл қатарынан Мардан Сапарбаевтың турнирін жеңіп алып, əжептеуір нəтижелерге қол жеткізе бастады. Дегенмен, 2008 жылы жасөспірімдер арасындағы ең беделді, маңызды турнирлердің бірі Дəулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін өткен додада төрешілердің бармақ басты, көз қысты əрекеті Елмұраттың тағдырын түбегейлі өзгертті. Басты себеп – Өзбекстанда туғандықтан, оған əлемдік деңгейдегі жарыстарға өнер көрсетуіне мүмкіндік бермеді. «Қарсыласымды жеңіп тұрсам да, аға жаттықтырушылар Азия чемпионатына қарсыласымды апаратын болып шешті», – дейді Елмұрат. Бапкерлердің ұлттық құрамаға қабылдамауы, көрсеткішінің елеусіз қалғаны қынжылтқан жас балуан амалсыз Өзбекстанға оралды. Ұлттық құраманың жаттықтырушылары керек қылмаған Елмұратты өзбек бапкерлері қуана қабылдап, бірден Азия чемпионатына жіберді. Бұл жігіттің стадионға балалардан бұрын барып, он рет айналып жүгіріп жəне олармен қосылып тағы да сонша жүгіретінін, өте еңбекқор екенін бірге жаттыққандар өте жақсы білетін. Елмұрат жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында үздік шығып, еңбегінің жемісін көрді. Иə, сол додадан бастап қазақ жігіті Өзбек туын желбіретіп, намысын қорғап келеді. Осы тұста мына бір жайтты айта кетуді жөн көрдім. Елмұрат Тасмұратов пен Алмат Кебісбаевтың талай дүбірлі додаларда жолы түйісіп жүрген соң, кейбіреулер Елмұратты Алматтың кесірінен ұлттық құрамаға алмады деп ойлайды. Əсте олай емес, 2011 жылы Румынияның астанасы Бухаресте өткен жастар арасындағы əлем чемпионатында Тасмұратов үздік үштіктен көрінгенде, Алмат ересектер арасында екінші рет əлем чемпионатының жүлдесін еншілеп үлгерген еді. Демек, Кебісбаев Ұлттық құрамадан ойып орын алғанында, Елмұрат əлі де жастар сапында өнер көрсететін. Екі қазақ балуаны, екі тудың астында алғаш рет боз кілемде 2013 жылы Қазан универсиадасында кездесті. Бұл дүрмекте кімнің жеңіске жеткені барлығыңызға аян болу керек. Ал, 2008 жылғы Дəулет Тұрлыхановтың жүлдесіне таласқанда Елмұраттың бағын байлаған белдесу Асқар Сəлтебаевпен болған еді. Елмұратқа Азия чемпионатында Қазақстанның намысын қорғауға мүмкіндік бермеген соң, Өзбек елінің атынан қатысып, алғашқы айналымда байырғы қарсыласы Сəлтебаевты қиындықсыз жеңді.
Енді жоғарыдағы мəселеге оралсақ, Олимпиада ойындарына қатысып, оның шыңына шығу – əрбір спортшының арманы, алға қойған мақсаты екені айқын. Елмұратқа дейін де «Олимпиадада атой салсам» деген асқақ арманның жетегіне еріп, өзге елдің атынан сынға түскен Айдын Смағұлов ағамызды ешкім жазғырмаған болатын. Спорттық ғұмырдың тым қысқа жəне Олимпиада ойындары да жыл сайын өте бермейтінін ескерсек, Елмұраттың да мұндай қадамға баруын жазғырудың еш қажеті жоқ. Бірақ, 2013 жылы Үндістанның астанасы Делиде өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа таққан Елмұратты қазақ жанкүйерлерінің басым көпшілігі бауырына тарта бастағанын білеміз. Сол дүрмектен соң, бір журналисіміздің: «Атажұртыңа оралу ойыңда бар ма?» – деген сауалына: «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді. Жат жұртта жүріп қандай бақыт таппақпын. Ашығын айтсам, Рио олимпиадасында көк тудың астында белдесуді армандаймын», – деп ағынан жарылған болатын. Жасындай жарқыраған Елмұрат дəл осы жылы Будапеште өткен əлем чемпионатында қола жүлдені еншілеп, айды аспанға бір-ақ шығарған еді. Сол жарыстан кейін де: «Қазақстан туын жоғары көтеру арманым. Əзірге, бұл ойым іске асар емес», – деген Елмұраттың ойы жүзеге аспағаны өкінішті. Расында, күрес федерациясының басшылары, Қазақ спортының жанашырлары Елмұраттың «қазақтың атын əйгілі етсем» деген арман-мақсатына бей-жай қарағаны жанымызды жабырқатады.
Елмұрат 2014 жылы Елордамыздың төрінде өткен Азия чемпионатында қарсыластарын қоғадай жапырып, үшінші мəрте Азиядағы теңдессіз балуан екенін дəлелдеді. Осы додадан кейін жергілікті журналистердің: «Атажұртыңа түпкілікті қашан келесің? Қазақтың Туы астында өнер көрсеткім келеді депсің…» – деген сауалдарына: «Елге келгім келеді, əттең кедергілер көп болып тұр… Əкемнің: «Қазақстанға барып, сол елдің азаматтығын алуың керек. Атажұртта тұрғаның дұрыс» дегені бар. Будапештегі əлем чемпионатынан кейін басшыларға кететінімді айтып едім, олардың талабы тым күшейіп кетті. Ең қиыны, Рио Олимпиадасынан тыс қалатын болдым. Міне, содан бері бұл мəселеге қайта оралғам жоқ. Мүмкін, 2016 жылдан кейін Қазақстанға біржола келетін шығармын. Ол кезде мен нағыз бабымда, 25 жаста болады екенмін», – деп сұхбат берген еді. Елмұрат əр сұхбатында атажұртына оралғысы келетінін, қазақтың абыройын асқақтатуды армандайтынын тілге тиек етіп жүрді. Өкініштісі, бұл жайтты басшылардың ешбірі елеп-ескерген жоқ. Дегенмен, Тасмұратов 2014 жылы Ташкентте өткен əлем чемпионатында дүйім жұрттың назарын өзіне аударды. «Мен, мен» деген балуандардың санын соқтырып, жартылай финалға дейін қарсыластарының ешқайсысына бірде-бір ұпай берместен жетті. Тек ақтық айқас үшін Олимпиада жəне əлемнің 6 дүркін чемпионы, ирандық Хамид Сорианмен болған белдесуде төрешілер қиянатының құрбаны болды. Төрешілердің əділетсіздігі Елмұратты алтын жүлдеден айырды деуге толық негіз бар.
Сағы сынбаған қазақ жігіті қола жүлде үшін белдесуде кубалық Исмаэль Боррероны 20 секундта тас-талқан еткен еді. «Нұрбақыт Теңізбаевтай болғым келеді» деген Елмұрат араға 8 жыл салып, өзі үлгі тұтатын ағасының жетістігіне қол жеткізіп, Рио Олимпиадасының қола жүлдесін еншіледі. Сонда: «Бүгінгі жетістіктеріме алғашқы бапкерлерімнің қосқан үлесі орасан зор деп ойлаймын. Себебі, маған осы спорттың ең бір мықты тəсілдерін, қаншама құпияларын солар үйретті. Егер мен Шымкенттегі Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектебінде оқымағанымда, кім біледі, қазіргі дəрежеге мүлде жетпеген болар ма едім?! Əрбір салада ең бірінші іргетас болады, менің күрестегі іргетасымды солар қалап берді», – деп, Қазақстандағы бапкерлерін ерекше атап өтті. «Риодағы жеңісім əке-шешемнің, ауыл-аймақ жəне бүкіл қазақтың дұға-тілектерінің арқасында келді деп білемін», – деп өзі үшін тақым қысқан күллі жанкүйерлерге айрықша алғысын білдірді. Жақында грек-рим, еркін жəне əйелдер күресі федерациясының вице-президенті Ерлан Қожасбай ағамыз болашақта ешқандай келімсектерсіз, өзіміздің спортшыларымыздан чемпиондар тəрбиелеп шығарудың аса маңызды екенін атап өтті. Расында, Тəуелсіз ел болғаннан бері, яғни Атланта Олимпиадасынан бастап, кешегі Риоға дейін Қазақстанның атынан сынға түскен 77 бозкілем шеберлерінің тек 16-сы ғана жүлделі орындардан көрінген. Шыны керек, 16 балуанның 9-ы легионерлер болса, 7-уі отандық спортшыларымыз, ал екі балуанымыз допинг дауына байланысты жүлделерінен айырылды.
Ендігі мəселе, өзбектер алақанына салып, аялап отырған Елмұрат елге орала ма? Федерация басшылары келімсектерді ойқастатып, өзгенің қамын күйттегенше Елмұраттай өренімізді елге қайтарудың жолын қарастырғаны жөн. Белдескеннің белін бүгетін қазақ жігіті қазір нағыз бабында. Өзіміз өгейсітіп, өзегінен тепкен Елмұраттың көк туды желбірететін сəті келді емес пе?!
Дəурен ТҮЛКІБАЙ
«Ақ желкен», №2
Ақпан, 2017