26 шіл, 2019 сағат 08:27

Эльмира Суханбердиеваның 3 жасар ұлы көз жұмды

Алматыда оқыс оқиға салдарынан ҚР бұрынғы вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның үш жасар ұлы қайтыс болды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрінің бұрынғы кеңесшісі Майраш Тайкенова мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Достар, жазу өте қиын. Эльмира Суханбердиеваның кенже ұлы қайтыс болды. Ілияс оның ең сүйікті баласы болатын. Отбасының басына қанша қиындық туды. Ең ауыры - жақындардан, баладан айырылу. Мұны қабылдай алар емеспіз", - деп жазды өзінің Facebook парақшасында Суханбердиеваның бұрынғы кеңесшісі Майраш Тәйкенова.

Майраш Тайкенованың айтуынша, әріптестері, туған-туыстары мен білім саласы ұйымдарының басшылары марқұмның анасының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.

Айта кетейік, 2019 жылдың 10 шілдесінде Эльмира Суханбердиева мемлекеттік мектепте жекеменшік білім беру мекемесін ашып, кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін кінәлі деп танылды. Бұдан бөлек, қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланып, министрлікке қарасты мекемелерге айфондар мен планшеттерді алдыртқаны бар. Осы қылмыстар үшін оған 6 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Суханбердиева сот отырысында 4 баласы жайлы айтып, көзіне жас алған болатын. 

Отырыстың басында судья Бақытжан Есенов сотқа қатысушылардың барлық жеке мәліметін жазып алды.

Эльмира Суханбердиевадан отбасы жайлы сұрағанда төрт баласы бар екенін айтты. Үлкені 26-да, одан кейінгісі 17-де, біреуі 7-де және кішкентайы 3-те.