Ұлыбритания патшайымы Елизавета II жексенбі, 5 сәуірде кешке коронавирус індетіне байланысты халыққа үндеу жолдады. Мәлімдеме Виндзор сарайында жазылды. Эпидемия басталған уақыттан бері 93 жастағы патшайым Лондоннан сол жаққа көшірілген.
Патшайым қазір мемлекеттің ауыр кезеңді бастан кешіріп жатқанын айтты.
"Кейбір адамға қайғы әкелді, көбі қаржылық қиындыққа тап болды, күнделікті өміріміз үлкен өзгеріске ұшырады" деді.
Патшайым британ азаматтарын ынтымақ, бірлікке шақырып, халықтың сынақтан аман-есен өтетініне үміттенетінін жеткізді. Эпидемия кезінде зардап шеккендерге көмектесіп жатқан дәрігерлерге алғыс айтты.
68 жылға жуық уақыт ішінде патшайым бесінші рет үндеу жолдап отыр. Соңғы рет 2012 жылы тақта отырғанына 60 жыл толуына орай мәлімдеме жасаған.
Ұлыбританияда соңғы дерек бойынша, 45 мыңнан астам адамға коронавирус жұққан. Бес мыңға жуық адам қайтыс болған. Британ тағының мұрагері ханзада Чарльз дерттен айықты. Коронавирус премьер-министр Борис Джонсоннан да табылған. Демалыс күні BBC сайты оның ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.
Еуропаның басым бөлігі сияқты Ұлыбританияда да коронавирусқа байланысты карантин кеш енгізілген. 70 жастан асқан адамдарға 12 апта үйден шықпауға кеңес берілді.