Қытайлық миллиардер, Alibaba компаниясының негізін қалаушы Джек Ма Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары аясында Президенттің телерадио кешеніне сұқбат берді.
Қытай бизнесменінің сұқбаты "Барыс пен айдаһар стратегиясы: өзара құрмет және мәңгілік серіктестік" атты деректі фильмге енген.
"Мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуден тамаша әсер алдым. Ол - мықты көшбасшы, адамды жігерлендіреді. Туған еліне деген сүйіспеншілігіне тәнті болдым. Кездесу керемет өтті", - дейді Джек Ма.
Ол Қазақстанда үш-төрт рет болғанын атап өтіп, қазақ елін не үшін жақсы көретінін айтты.
"Әр сапарымда маған бірнеше нәрсе қатты әсер етті. Мемлекеттің көркемдігі, ұлы тұлғалары, қаһармандары, сондай-ақ халықтың еңбекқорлығы. Қазақстанға барған сайын көрікті жерлерді аралаймын. Еліңізді, мәдениетіңізді жақсы көремін, жаңа достар тапқанды ұнатамын. Геннадий Головкин сынды қаһармандарыңыз бар! Сіздерде өте қонақжай адамдар тұрады", - дейді миллиардер.
Еске сала кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қыркүйекте Қытайға мемлекеттік сапармен барді. Президент сапары аясында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен, ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен және Қытайдың бірқатар саяси және іскерлік тобымен келіссөз өткізді, сондай-ақ Alibaba компаниясының кеңсесіне барып, Джек Мамен кездескен.