Мемлекет басшысы өз Жолдауында үкімет 17 ірі жобаның тізімін жасағанын атап өтті. Онда терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген. Айуынша, өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды.
"Мен жуырда Қарағанды облысында болдым. Сол кезде «Qarmet» металлургия комбинатына бардым. Отандық инвестор келген соң, ондағы ахуал едәуір тұрақталды. Кәсіпорын жаңғыртыла бастады. Бұл қадам өндірілетін өнім көлемін айтарлықтай арттыруға тиіс", - деді ол.
Сондай-ақ, Саран қаласының экономикасын әртараптандыру жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты. Онда автокөлік доңғалағын және тұрмыстық техника шығаратын өндірістер іске қосылды.
"Соның арқасында бұл елді мекен моноқалалар санатынан шығарылды. Басқа да моноқалаларға дем беру үшін осы тәжірибені қолдану қажет. Жалпы, аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту керек", - деп атап өтті Президент.
Президент арнайы Жарлықпен құрылған Алатау қаласы туралы да айтты. Бұл қала қарқынды дамитын, инновация кеңінен қолданылатын әрі білікті мамандар жұмыс істейтін орынға айналуы қажеттігін атап өтті. Үкімет онда жайлы өмір сүріп, табысты еңбек етуге, инвестиция салуға қолайлы жағдай жасауға тиіс.
"Автокөлік құрастыру ісінде оң нәтижелер бар. Осы қарқынды сақтап, жергілікті өндіріс көлемін ұдайы арттыру керек. Мемлекеттің автокөлік өнеркәсібіне көрсетіп жатқан жан-жақты қолдауы түптің түбінде толыққанды автокөлік құрастыру кластері ретінде елдің игілігіне айналуы қажет", - деді ол.