Еліміздің ең жас композиторы Денис Тенге арнап «Аққан жұлдыз» композициясын жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
12 жастағы жас талант Нұрәлі Бейсеқожаев қазір Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектепте 7-сыныпқа көшті. Сазгер бала скрипка класында оқып жатыр.
Нұрәлінің ағасы Нұрлан Бейсеқожаевтың айтуынша, ол 4 жасынан бастап фортепианода ойнай бастаған.
«Нота ештеңе білмесе де, көрген мультфильмдерінің әуендерін салып өзі ойнай беретін. Кейін 6 жасынан бастап музыка жаза бастады. 6 жасында Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектепке скрипка класы бойынша оқуға түсті. Қазір 20 астам шығармасы бар», - деді ағасы Нұрлан Бейсеқожаев.
Ол бірқатар республикалық байқаулардың, Астана өткен MusicStar байқауының лауреаты.
Нұрәлі Денистің өлімі өзін қатты толқытқанын жеткізді.
«Денис Тен Қазақстанның атын әлемге шығарған тұлға. Оның қазасын естігенде қатты толқыдым. Ойымда жүрген әуенді соның қазасына арнағым келді», - деді жас автор.
Айта кетерлігі, Нұрәлінің отбасында барлығы дерлік кәсіби музыканттар.
«Мен өзім музыкант емеспін. Бірақ музыкадан хабарым бар. Үлкен ағамыз Нұрсәт Бейсеқожаев - Түркістан облысы филармониясының директоры, композитор күйші. Менен кейінгі інім Ғаламат та Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектепте домбыра класында оқиды. Оның да бірнеше күйі бар. Ең кіші інім Нұрәлінің жолы басқаша. Ол - пианиношы-скрипашы. Классикалық музыка жолымен кетті», - деді ағасы.
Оның айтуынша, болашақта аталған композицияға монтаж жасап, бейнебаян түсіру жоспарда бар.