07 қар, 2017 сағат 15:51

Еліміздің бас шыршасы ЭКСПО аумағына орнатылады

ЭКСПО аумағында ерекше пішіндегі мұз айдыны ашылады және онда еліміздің жаңажылдық бас шыршасы орнатылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Коммерцияландыру департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев мәлім етті.

«Арнайы елорда тұрғындары мен қонақтары үшін 11 қарашада ЭКСПО аумағында мұз айдынын ашқалы отырмыз. Оның жалпы аумағы 3500 шаршы метрден асады және пішіні де ерекше болмақ. Бұрын-соңды елімізде мұндай мұз айдыны болмаған», - деді Еркімбаев ЭКСПО-да өткен баспасөз мәслихатында.  

Сондай-ақ, желтоқсан айының басында ЭКСПО аумағына еліміздің жаңажылдық бас шыршасы орнатылады және мұз қалашығы бой көтереді.

«Мұның барлығы ЭКСПО-ның бас ғимараты «Нұр Әлем» сферасы мен амфитеатр аралығында орналастырылады. Бас шыршамен бірге жыл сайынғы Хан Шатыр ойын-сауық орталығы маңына салынып келген мұз қалашық та ЭКСПО-ға көшіріледі. Барлық жұмыстар Астана әкімдігімен бірлесіп атқарылуда», - деді департамент басшысы.

Мұз қалашығының бір сеансына 1000 теңге төлеп кіруге болады және онда 4 сағат уақыт өткізуге болады. Сондай-ақ, мұнда жаңа конькилерді жалға беру ісі ұйымдастырылады және оның да бағасы шамамен 1000 теңгені құрамақ.  

Тағы бір атап өтерлігі, кешенге 6 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. Оқушылар мен зейнеткерлерге 50 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған.