02 шіл, 2021 сағат 14:50

Еліміздегі жас жұптардың психоэмоционалды жай-күйіне тегін талдау жүргізіледі


«En baqytty el» қоғамдық қоры «Жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі іс-шараларды институцияландыру» жобасын іске асыру аясында отбасын құрғысы келетін жастарға тегін кеңес береді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталған қордың мәліметінше, көрсетілетін қызметтер топтамасына жұптың психоэмоционалды жай-күйіне талдау кіреді. Консультацияларды психологтар, коучтер және медиаторлар жүргізеді. Сонымен қатар мамандардың кеңесі ажырасу алдында тұрған жас отбасылар үшін де пайдалы болмақ. 

«Біз ажырасудың негізгі себебін және мүмкін болатын қолайлы шешімдерді түсінуге көмектесеміз. Тестілеу мен кеңес беру тек құпиялылық шарттарын сақтауды ескере отырып жүргізіледі», - деп атап өтеді қордан.

Жас жұптарға арналған тегін кеңестер қашықтықтан онлайн форматта, 8777 225 27 56 телефон нөміріне алдын ала жазылу арқылы жүргізіледі. 

«Егер сіздің өміріңізде осы мәселеге қатысты қиындықтар болса - қоңырау шалыңыз, сұрақтар қойыңыз, кеңес алуға жазылыңыз. Отбасылық және бала-ата-ана қатынастары саласындағы мамандар қиын жағдайдан шығуға көмектеседі», - делінген таратылған ақпаратта.