21 қаз, 2019 сағат 16:01

Еліміздегі қырғыз, армян нөмірлі көлік иелеріне айыппұл салына бастайды

Жол ережесін бұзған қырғыз, армян және ресейлік нөмірмен жүрген жүргізушілерге айыппұлдар салынбақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«21 қазаннан бастап елордадағы және Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарында, сонымен қатар Шымкент қаласындағы фото және видеотіркеу жүйелерінде тіркелген ереже бұзушылықтар туралы нұсқауларды тек қазақстандық нөмірі бар жүргізушілер ғана емес, шетелдік тіркеуде тұрған автокөлік иелері де алады», - делінген ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің баспасөз хабарламасында.

Бұрын мұндай мүмкіндік болған жоқ, себебі ереже бұзушылықтар туралы нұсқаулар тек Қазақстан Республикасында тіркелген көліктердің техникалық паспортына жазба негізінде жасалған. Шетелдік нөмір белгілері бойынша көлік жүргізушісі кім екенін анықтау және әкімшілік айыппұл салу қиын болған.

«Сондай-ақ, соңғы 3 жылда шетелдік нөмірді көліктердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары 2 есе өсіп кеткен. Осы себепті мұндай көлік иелеріне айыппұл салу жолдарын қарастыру қажет болған», - дейді Комитет.

Қазақстан Республикасы аумағындағы жүргізушілерде көлік құралы қай елде тіркелгеніне қарамастан міндетті сақтандыру полисі болуы керек екенін айта кету керек.

Айта кетсек, шетелдік көлікті басқаратын адамның кім екені туралы ақпарат сақтандыру полисінің негізінде анықталады, онда адам және көлік құралы туралы барлық қажетті сәйкестендіру ақпараты бар.