22 ақп, 2021 сағат 09:43

Еліміздегі бейбітшілік әлемнің барша халықтарына үлгі - Сергей Цырульников

Еліміздегі бейбітшілік пен келісім әлімнің барша халықтары үшін үлгі. Алғыс айту күніне орай белгілі спортшы Сергей Цырульников оындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің түсінігімде Алғыс айту күні – ол Қазақстанда тұратын этностардың қазақ халқына ерекше құрметін білдіреді. Реформалар мен жер аударту кезеңінде қазақтар өздері қиын жағдайда бола тұра, өзге ұлт өкілдерін қабылдағаны үшін қазақ халқына ризашылығымыз шексіз. Сондықтан этностар осыны есте сақтап, қазақтардың бауырмалдығын ұмытпауы керек. Әлем елдеріне жиі саяхаттап барамын, соның ішінде Ресейге де барып тұрамын. Онда қазақ халқының қонақжайлылығын әлі де ұмытпаған. Грозныйға барғанымда шешендер нәубет жылдардағы Қазақстанда көрген мейрімділікті ұмытпайтындарын айтып жатты. Сондықтан қазақстандықтар осының барлығын жадымызға сақтап, қазақ халқына алғыс айтамыз», - деді С.Цырульников. 

Танымал спортшы Алғыс айту күнін белгілеу бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасына қолдау көрсету аясында аталған датаға орай екі іс-шараны ұйымдастырмақ. 

«Еліміздің ең үлкен байлығы - ол бәрінен бұрын, біздің бірлігіміз. Бейбітшілік пен келісім басты құндылығымыз. Осы орайда Тұңғыш Президенттің бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы басқа елдер үшін үлгі болып тұрғаны кездейсоқ емес. Мысалы, Ресейде біздің Ассамблеяға ұқсас Ресей халықтары Ассамблеясы бар. Еліміздегі бейбітшілік пен келісім әлімнің барша халықтары үшін үлгі болып тұрғанын білеміз», - деді Сергей Цырульников.