«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Atameken Academy» онлайн-платформасымен бiрлесіп, «Jas Ka'sipker» деп аталатын ақысыз онлайн-курс ашты.
Аталған жобаның басты міндеті – өз кәсібін бастауға ниетті жас кәсіпкерлерге керекті барлық ақпараттарды ортақ бір цифрлық платформаға біріктіру. Оған еліміздің түрлі аймағынан бес мың адам бірдей онлайн режимде қатыса алады.
Оқыту бейнесабақ арқылы екі тілде (қазақ, орыс) өтеді. Курс 10 модульден, 20 сабақтан және онлайн тапсырмалардан тұрады. Сабақ барысында курс қатысушылары бизнесті қалай ашуға болатынын, қандай бизнес идеяның маңызы жоғары екенін, қаржыландыру көзін қалай табу керектігін үйреніп, маркетинг-менеджмент негіздерімен танысады. Сонымен қатар қаржылық-құқықтық аспектілердің түрлі ерекшеліктерін үйренуге мүмкіндік алады.
«Jas Ka'sipker» курсын аяқтаған қатысушы бизнес-жоспарын 22 қазанға дейін құруы қажет. Ол үшін «Atameken.co» платформасында тіркеліп, курс студенттері үшін ашылған арнайы телеграм чатқа жазылуы тиіс.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Агрокредит корпорациясы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының менеджерлері курстың сарапшылары ретінде қатысады.
Курс соңында студенттер арасында бизнес-жоспар құру бойынша байқау ұйымдастырылады. Басты сыйлық – жобаны жүзеге асыруға берілетін 500 мың теңге көлеміндегі біржолғы грант. Сондай-ақ ең көп дауысқа ие болған үздік бизнес-жоспарлардың ішінде жұбаныш сыйлықтары да ойнатылады. Мәселен, бизнес-тәлімгерлер кеңес беріп, жоба бойынша жарнамалық ролик түсіріледі, веб-сайт жасалып, бизнеске арналған Brandbook құрастыру мүмкіндігіне ие болады.
Айта кетсек, «Jas Ka’sipker» онлайн-платформасы «Bastau-Business» бiлiм беру жобасының бiр бөлігі саналады. Жобаның басты міндеті «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру.