23 шіл, 2019 сағат 13:55

Елімізде виза алудың электронды жүйесі жұмыс жасайды


2019 жылдан бастап Қазақстанда біржолғы қатынау мүмкіндігі бар визаны электронды форматта алу жүйесі пилоттық режимде жұмыс жасай бастады. Электронды виза визалы-миграциялық портал арқылы рәсімделеді.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі комитетінің мәліметінше, электронды виза қазақстандық тараптың көші-қон қызметі бөлімдерінде арнайы шақырту негізінде беріледі.

Электронды визалар туристік бағытта 117 елдің, ал іскерлік және емделу мақсатында 23 мемлекеттің азаматтарына беріледі.

Электронды визаның жарамдылығы тек визаны алуға  ғана қатысты және де консулдық төлем кері қайтырылмайды.

Визаға өтініш берушінің паспорты түпнұсқа болуы тиіс. Сонымен қатар шет ел азаматының құжатында екі таза бет болуы керек. Ал оның жарамдылық уақыты қолданылу уақытынан ерте не үш ай бұрын бітуі қажет.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, шет ел азаматтары жарамды электрондық визамен ел аумағына Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы халықаралық әуежайлардың бақылау-өткізу пункттері арқылы кіріп-шығу мүмкіндігіне ие.

Қабылдап алушы азаматтар келіп кетушілер туралы ақпаратты көші-қон қызметі мекемелеріне береді. Яғни, олар шетелдіктер келген күннен бастап үш жұмыс күні аралығында хабар беруі қажет.

Электронды визаны алуға ниетті тұлғалар ҚР СІМ сайтынан қажетті мәліметтер ала алады. Порталдан визаны рәсімдеу жолдары мен виза алатын елдер туралы кеңірек ақпарат алуға болады.

Айта кетсек, Елбасы Н.Назарбаев Үкіметке виза мәселелерін жеңілдетуге қатысты кешенді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер бір реттік визаны электрондық форматта ала алады.

Электронды визаларды енгізу «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Бұл бағытта Біріккен Араб Әмірлі мен Эстония елдерінің тәжірибесі негізге алынған.