18 қаз, 2019 сағат 12:37

Елімізде вакцинацияға қарсы лобби өте күшті болып тұр – Бекшин

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин еліміздегі Бұқаралық ақпарат құралдарына үндеу тастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Конституция бәріне бірдей. Барлығының пікіріне құлақ асуымыз керек. Халықтың да, журналистердің де, ғалымдардың сөзін тыңдаған жөн. Біз болмасақ, халықаралық тәжірибені халыққа кім айтады? Ұстаздарымның бірі Африка елдерінің бірінде медициналық көмек берумен айналысты. Сол маған: «Ауру тарап кеткен кезде бір түнде 9 бала шетінеді. Сонда өлі баласын құшақтап тұрып, қайғыдан жүздері тас боп қатып қалған аналарды көрдім. Ол елде соғыс болып жатыр еді. Мен сонда «вакцинация тиімсіз» деген сөзді айтқан адамды сыртқа шығарып атып тастауға дайын болдым» деген әңгіме айтты. Көрдіңіз бе? Сондықтан, біздің бәріміз аурудың алдын алуға, вакцинацияның қажет екенін халыққа ескертуіміз керек. Қатты да болса шындықты айтып тұрмын», - деді Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер ақшаның соңына түсіп, халыққа дұрыс ақпарат бермей жатқандарды сынады.

«Біз халықтың денсаулығын ойлауымыз керек. Ең бірінші кезекте, журналистерден сұраймын! Себебі антивакциональ лоббиі өте күшті болып тұр. Көріп отырсыздар, қандай сценарийлер жазылып жатыр. Ол үшін ақша төленіп жатқаны анық қой. Тіпті антивакциональды насихатқа кәсіби актерлар қатысуда. Бәрі де аутизм жайлы айтады. Кезінде АҚШ-тың жалған ғалымы Эндю Уикфилдтің еңбегін Техас соты жоққа шығарып, дәрігер сертификатын айырды. Ал соны насихаттаған ғылыми басылымның редакторы кешірім сұрады. Ол жерде аутизмге қатысты ештеңе болмаған. Бұл – тек сылтау еді», - деді Жандарбек Бекшин.

Еске сала кетсек, бұған дейін Жандарбек Бекшин екпе жасалмаған балалар балабақшаларға кіргізілмейтінін мәлім еткен еді.