26 сәу, 2022 сағат 11:33

Елімізде смартфондарға арналған жұқа шынылар шығаратын шағын зауыт салынады


Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы осы жылдың маусымында бекітіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру мақсатында Қызылорда облысының әкімдігімен бірлесе отырып, «Орда-Glass» ЖШС шыны зауыты базасында автомобиль шынылары, шыны талшықтары, шыныдан жасалған ыдыстар, ыдыс-аяқ, терезе шынылары мен смартфондарға арналған жұқа шынылар өндіретін шағын зауыттар сала отырып, шыныдан дайындалатын бұйымдар өндірісін пысықтай бастадық», - деді ол. 

Министрдің айтуынша, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен жаңа жобаларға да қатысты осындай тәсілдер қолданылады. Ірі жүйе құраушы кәсіпорындарды қолдау, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлерге инфрақұрылым ұсыну есебінен бұрын импортталған тауарлар оқшауланатын болады. 

«Бағдарлама (Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы) жобасын әзірлеу жұмыстары нақты кесте бойынша жүргізілуде. Алгоритмге сәйкес наурыз айында әлемдік тәжірибені талдап, барлық өңдеу өнеркәсібі бойынша кешенді сараптама жүргіздік. Сәуірде жобалар пулын жасап, іс-қимыл алгоритмін әзірледік. Мамыр айында құжатты мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісу рәсімін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Маусымда жоба бекітілетін болады. Өңірлік бағдарламалар жергілікті атқарушы органдармен қыркүйек айына дейін қабылданады», - деді Қайырбек Өскенбаев.