02 сәу, 2019 сағат 14:47

Елімізде полицейлерді аттестаттау 1 қазанда басталады

Қазақстанда полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау 2019 жылғы 1 қазанда басталады. ҚР Президенті осындай Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 18 наурыздағы № 879 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы құжатқа қол қойды.

Жарлықтың толық мәтіні төменде:

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 18 наурыздағы № 879 Жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін:

3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының полиция қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттауды 2019 жылғы 1 қазан мен 2020 жылғы 31 наурыз аралығында өткізсін, сондай-ақ осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.».

2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

              Президенті                                                                                      Қ.Тоқаев

 

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2019 жылғы 2 сәуір              

                            №  15