25 мау, 2020 сағат 11:14

Елімізде мүгедектігі бар адамдар жұмыс істей алатын кәсіптер атласы жасалады

2020 жылы Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға арналған шығындар 10, техникалық оңалту құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етуді қаржыландыру 17 пайызға өсті. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуі барысында Біржан Нұрымбетов мүгедектігі бар адамдарға қолдау көрсету министрлік жұмысының ең басты деген басымдықтарының бірі болып табылатындығын атап өтті. Мәселен, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдауды күшейту және оларды қоғам өміріне тарту мақсатында 19 нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілген. Бұған қоса 2020 жылы Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Оның көмегімен мүмкіндігі шектеулі адамдар өнім жеткізушілерден техникалық қалпына келтіру құралдарына және арнаулы әлеуметтік қызметтерге тікелей тапсырыс бере алады. Порталда қазірдің өзінде техникалық қалпына келтіру құралының 24 түрі орналастырылған. Ал порталдың толық іске қосылуы 2021 жылға жоспарланып отыр. Бұдан басқа емдеу-шипажайлық ем алу мерзімі де реттеледі. Мүгедектердің өтініші бойынша жеке көмекшілерге ақы төлеудің бірыңғай тәртібі белгіленді. Ересектерге 5 жылға мүгедектік белгіленетін аурулардың тізбесі бекітілді. Медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай жүргізуге кезең-кезеңімен көшу жоспарлануда. 

«Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауды қаржыландыру 10 пайызға өсті және 2019 жылғы 315 млрд теңгемен салыстырғанда, 2020 жылы 347 млрд теңгені құрады. Техникалық қалпына келтіру құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етуді қаржыландыру 17 пайызға артып, 2019 101 млрд теңгеге жетті», – деді ол. 

Сондай-ақ, министр алдағы жылдары мүгедектігі бар адамдардың экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндіктер жасау негізгі басымдық ретінде белгіленгенін айтты. 

«Бүгінде Қазақстанда еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының төрттен бір бөлігі ғана еңбек қызметімен айналысады. ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 40 пайызға жетеді. Келесі екі жыл ішінде алдымызға мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылуын 30 пайызға жеткізу міндетін қойдық. Ол үшін қосымша 20 мың адамды жұмыспен қамту қажет. Мүгедектігі бар адамдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және жұмыс берушілермен бірге мүгедектерді экономикалық қызметке тартуға кедергі болатын негізгі түйткілдерді және оларды шешу жолдарын анықтадық», – деді министр. 

Оның атап өтуінше, мүгедектігі бар адамдарды белсенді еңбекке тарту үшін олардың құзыреті туралы дерекқор құру және мүгедектігі бар адамдар жұмыс істей алатын кәсіптердің атласын жасау жоспарлануда. Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту үшін жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерін медициналық-әлеуметтік сараптама орындарына жіберу көзделуде. Оның негізгі тетігі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы болады. Сонымен бірге «TenQogam» әлеуметтік қолдау орталықтары құру жоспарланған. Онда бизнес жобаларды дамытуға көмек көрсетіледі және кәсіптік білім беріледі. 

«Барлық өңірлерде оңалту орталықтары жұмыс жасап, мүгедектігі бар 18 жастан асқан адамдарды кәсіптік бейімдеу және сауықтырумен айналысатын болады. 2020 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі кезеңде 8 өңірде жаңа оңалту орталықтарын салу жоспарлануда. Жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта жасау жұмыстарын жалғастырады», – деді Біржан Нұрымбетов. 

Министр мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында заңнаманы одан әрі жетілдіру қарастырылғанын баса айтты. 

«Біздің министрлік әзірлейтін «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» жаңа заң жобасының негізгі бағыттары: мүгедектігі бар адамдардың экономикалық белсенділігін арттыру жөніндегі шараларды күшейту және оларды әлеуметтік қорғаудың қосымша шараларын енгізу», – деді ол.