10 қыр, 2020 сағат 10:40

Елімізде мал мен құс етінің өндірісі ұлғайды

Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы шикізатын өндіру мен қайта өңдеудің көлемі туралы биылғы 7 айдың деректерін жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлік Қазақстанда шұжық, ет консервілері, мал мен құс етінің өндірісі тұрақты түрде өсіп келе жатқанын хабарлайды. Жаңа қайта өңдеу кәсіпорындарының іске қосылуы, тірі мал экспортының шектелуі және құс шаруашылығында ет бағытындағы мемлекеттік қолдаудың кеңеюі осы өнімдердің өндірісінің артуына ықпал еткен. 

«Қаңтар мен шілде айларында мал мен құстың барлық түрлерінің еті өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға (сойыс салмағында 590 мың тонна), сиыр сүті 3%-ға (3,6 млн тонна) артық өндірілді. Ал тауық жұмыртқасының өндірісі 4,9%-ға, яғни, 3,1 млн данаға дейін азайды. Шұжық өнімдерін өндіру 21,5%-ға (27 358 тоннадан 33 234 тоннаға дейін), қышқыл сүт өнімдері 4,7%-ға (123 300 тоннадан 129 106 тоннаға дейін), сары май 8%-ға (11 158 тоннадан 12 051 тоннаға дейін), ірімшік пен сүзбе 1,9%-ға (17 778 тоннадан 18 120 тоннаға дейін), балмұздақ 1,6%-ға (21 118 тоннадан 21 455 тоннаға дейін), өңделген сүт 0,2%-ға (332 040-тан 332 576 тоннаға дейін), ет консервілері 4,3%-ға (4 298-ден 4 481 тоннаға дейін) ұлғайды», - деп хабарлайды министрлік.

Айта кетерлігі, Қазақстанда құс еті 24 құс фабрикасында өндіріледі. Күн сайын олар 800 тоннадан астам өнім шығарады. Жыл соңына дейін 300 мың тоннаға жуық ет береді. 2019-жылы республикада 223 мың тонна құс еті өндірілді. Ал, 2018-жылы бұл көрсеткіш 192 мың тоннаны құраған еді.