12 нау, 2021 сағат 16:57

Елімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты - министр

Қаңтар айымен салыстырғанда елімізде коронавируспен ауырғандар саны 30% азайды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Хабар» телеарнасында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінгі таңда елімізде коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Қаңтар айымен салыстырғанда коронавируспен ауырғандар саны 30% азайды, сондықтан орынсыз дүрлігудің қажеті жоқ», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі.

Оның айтуынша, жоспарлы вакцина егу басталды және ең алдымен вакцина жұқпалы ауруларға арналған стационарларда жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне егіледі.

«Вакцина егілетіндіктен дәрігерлердің қауіпсіздігіне қатысты қосымша кепілдік бар деп айтуға болады. Былтыр коронавирус инфекциясы әлем бойынша жылдам тарап кетті, бірақ біз шұғыл шаралар қолдандық. Тіпті әр өңірде халықаралық талапқа сай жұқпалы аурулар ауруханасын салып, өкпені жасанды желдету аппаратымен және басқа да медициналық құрылғылармен қамтамасыз еттік. Аудандардағы ауруханалар 100% жедел жәрдем көлігімен, рентген аппаратымен қамтамасыз етілді. Әр аймақтағы қоймаларға дәрі-дәрмектер артығымен жеткізілді. Коронавируспен ауырғандар тегін емделеді. Бұл - өте маңызды. Жұқпалы ауруларға арналған стационарда төсек-орынның 18%-ы, ал жансақтау бөлімдерінде 12 пайызы бос емес. Еліміз бойынша ауруханаларда қазір 22 мың төсек-орын бар. 50 мың төсек-орынмен қамтамасыз етуге дейін мүмкіндігіміз бар», - дейді ол.