06 мам, 2020 сағат 13:40

Елімізде Covid-19 жұқтырған 6 сырқаттың денсаулық жағдай әлі ауыр

Елімізде коронавирус жұқтырғандардың 85% денсаулығы қалыпты жағдайда, 14% орташа қалыптағы жағдайда және 25 сырқат ауыр хәлде, ал 6 сырқат өте ауыр жағдайда. Оның ішінде 7 сырқат жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде елдегі коронавирустық инфекцияға қатысты ағымдағы жағдай және Қазақстандағы вакциналардың сапасы мен сатып алу мәселесіне қатысты өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі уақытта коронавируспен ауыратын барлығы 4298 науқас тіркелген. Оның жартысы Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында. 1279 науқас емделіп, жазылып, үйлеріне шығарылды. Қазіргі уақытта стационарда 2897 сырқат ем алуда. Оладың 85% қалыпты жағдайда, 14% орташа қалыптағы жағдайда және 25 сырқат ауыр, ал 6 сырқат өте ауыр жағдайда. Оның ішінде 7 сырқат жасанды тыныс алу аппаратына қосылған», - дейді ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев. 

Оның айтуынша, соңғы екі аптада коронавируспен ауырғандар санының өсімі 7% аспаған. 

«Ал соңғы үш күнде коронавируспен ауырғандар саны 3%- асқан жоқ. Ауырған 4298 адамның 57%-ында ауру скринингтік зерттеу жұмыстарын белсенді түрде жүргізген кезде, 37%-ында медициналық көмекке жүгінген кезде анықталған. Ал шетелден жұқтырып келгендердің үлесі 7,2%. Сондай-ақ, біздегі мемлекеттік және жекеменшік зертханалар тесттен өткізуде. Тәулігіне 19 000 тест жасалса, айдың соңына дейін күніне 25 000 тест жүргізіледі», - дейді ол.