30 шіл, 2020 сағат 11:57

Елімізде бірыңғай қайырымдылық жасау платформасы пайда болады

Елімізде Amal атты бірыңғай қайырымдылық онлайн-платформасы пайда болады. Бұл туралы «Арнау дамыту орталығы» қоғамдық ұйымының басшысы Ұлан Әбішев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біз жоба атауын Amal деп атадық. Бұл сөз біз жүзеге асыратын жобаны жақсы сипаттайды. Біз қайырымдылық жасау мәдениетін дәріптеп, аға буынның жастармен тәжірибе бөліскенін қалаймыз. Коронавирус пандемиясы кезінде бұл тіптен өзекті мәселеге айналды», - дейді Ұлан Әбішев онлайн өткен конференцияда. 

Оның айтуынша, бұл жоба қайырымдылықпен байланысты процестерді бір жүйеге келтіруге бағытталған.

«Қазіргі уақытта көмек көрсететін қор, ұйым көп, бірақ ол туралы ақпараттар жүйеленіп тұратын алаң жоқ. Біз арнайы сайт ашып, қайырымдылық шаралары туралы ақпараттарды жинап, әр санат бойынша жүйелеп орналастырамыз. Бұл қайырымдылық жасайтындар мен көмекке мұқтаж адамдар үшін өте ыңғайлы болады. Ол жерде көмек көрсетілген адамдардың және көмекке мұқтаж адамдардың байланыс нөмірі бар», - дейді ол.

Ол алдағы уақытта әлеуметтік желілерде де іске асыратын жобалар бар екенін айтты.

«Қазіргі уақытта Facebook, Instagram, Vkontakte сияқты әртүрлі әлеуметтік желі бар. Ол жерде жастарға, балаларға бағытталған видеожазбалар қоямыз, соның ішінде жобамызды Tik-Tok платформасында да жүзеге асырамыз», - дейді қоғамдық ұйым басшысы.