«Мал сырлас, аттың сыры маған мәлім, Жырым – жылқы, жүйрік ат –салған әнім. Аспан асты, жер жүзі кең сахара, Күн көріп атам қазақ келген мәлім», деп кезінде Ілияс Жансүгіров жырлағандай, жылқыны қадірлемейтін, жылқының қасиетін ардақтамайтын қазақ жоқ шығар. «Адам жылқы мінездес» деп сондықтан да айтылса керек.
Мұны жазып отырғанымыздың өзіндік үлкен мәні бар. Өйткені, таяуда Астана жұртшылығына Батыс Қазақстан облысының 12 ауданы мен Орал қаласы кәсіпкерлер жалпы салмағы 200 тоннадан астам азық-түлік әкеліп, молшылық пен тоқшылықтың көрігін қыздырған жәрмеңкесін халық ұмыта қоймағаны хақ. Сол кезде азық-түлікке қойылған бағалар шамамен 30 пайыздай арзан болған еді. Сонда аталған облыстағы ет өндіруші аудандардың бірі саналатын Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Мағазұлы: «Біз ауданнан 2 тонна жылқы етін, 2 тонна сиыр етін әкелдік. Өнімдеріміз сапалы, санитарлық нормаларға сай. Бағасы да жергілікті еттің бағасынан арзан», – деген болатын.
Әрине, осы кезде біз аталған ауданның әкімі Нұрлан Бекқайырға жолығып, әңгімелестік. Ондағы мақсатымыз, еліміздің сонау бір қиырындағы облыс орталығынан шалғай жатқан аудан ахуалы туралы аз-кем болса да мәлімет алу еді. Бірақ біз ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына шын мәнінде ерекше тарту болатын үлкен бір жылы жаңалыққа тап болдық.
Аудан әкімімен әңгімелесу барысында көптеген игі жұмыстар атқарылып жатқандығын естідік. Бұл жақтың қысқы ауа райы да қатал екендігі белгілі. Соған орай ауданның 16 ауылдық округтің барлығы жиын-терімді толық аяқтаған. Ал мұнда 75 мыңға тарта ірі қара бар. 300 мыңға тарта ұсақ мал, 21 мыңнан астам жылқы және бар. Осы малдың барлығын қамтамасыз ететіндей деңгейде жем-шөп толығымен дайындалған. Алда келе жатқан ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына нендей шаралар атқарып жатырсыздар деген сұрағымызға Н.Бекқайыр аса мақтанышпен ақтарыла әңгімелей жөнелді. Расында, әкім айтса айтқандай екен, аудан халқы өзге өңірлерге үлгі тұтарлық істерді атқарып жатқанына куә болдық.
«Біздің аудан Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 25 игі іс арнауды қолға алды. Тәуелсіздікке тарту ретінде біз не бере аламыз? деп шын мәнінде жауаптылықпен жұмыс істейтіндер қатары көбейді. 25 жылдыққа – 25 игі іс атқаруды ұсынған да біздің аудан жұртшылығы. Мысалы, біреуі бір ауылға монша салып беруді ұсынса, келесісі халықтың игілігі үшін ойын алаңын жабдықтайды, тіпті өз қаржысымен дәрігерлік пункт салып беріп жатқан азаматтар да бар. Солардың қатарында, ерекше атап айтуға тұратыны, Қошанкөл ауылында еліміз бойынша алғашқы «Сәйгүлік» жылқы музейінің ашылғаны деді аудан әкімі
Ал осы жайлы бастама көтеріп, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту ретінде жылқы музейін ашуды ұсынған аудандық «Ауыл айнасы» газетінің редакторы Серік Жұмағалиев деген азамат көрінеді. Ауданның бір ауылдық бөлімшесін былай қойғанда, талай орталық мұражайлардың өзінен тек жылқыға қатысты жәдігерлер табу қиын ғой. Сондықтан жоғарыда айтылғанындай, Серік Жұмағалиев пен аудандық мәслихат депутаты Гүлфия Көшбаева және атқұмар Аманжол Қажығалиев бастаған топ ел арасынан жәдігерлер жинапты. Атбегілермен, жылқы ұстайтын азаматтармен сөйлесіп, қай жерде қандай жәдігер болуға жарайтын зат бар, соларды әкелуге тырысты. Көршілес облыстарға барып қайтқан.
Қазір ғимарат толықтай жабдықталды. Мұражайға «Сәйгүлік» деп ат қойдық. Бұл – біздер үшін мақтаныш. Мақтанышпен айта отырып, өз жұмысын бастаған мұражай өскелең ұрпаққа ата кәсіптің қыр-сырын үйренуге одан әрі септігін тигізеді деп санаймыз. Бұл біздің ауданның Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жасаған ең үлкен сыйымыз болды деген ойдамыз», – деді Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр.
Иә, жылқы десе елең етпейтін қазақ жоқ. Мінсең – көлік, жесең – ас. Жоғарыда айтқанымыздай, оның тәтті әрі құнарлы еті мен шипасы мол дәмді қымызын кім ішкісі келмейді дейсіз. Соның етін де, қымызын да Қазталов ауданының еңбеккерлері елордалық тұрғындарға тарту етті. Қазақтың жылқысына құрметі үшін арнайы музей де ашты.
Осы арада дерек үшін айта кетейік, еліміз егемендігін алғаннан кейін, Көкшетауда жылқы пірі «Құлагерге» ескерткіш орнатылды. Ал әлемнің 30 елінде тек жылқыға, тағы 30-дан астам елінде жылқыға жанама түрде арналған музейлер бар екен. Мына көршіміз Ресейдің өзінде арнайы жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, бірнеше жылқы музейлері бар. Жапония, Англия, Испания секілді елдерде жылқы музейлері әлдеқашан ашылған. Сондықтан Жер шарындағы 250 тұқымнан тарайтын 65 млн жылқының шыққан жері, яғни тараған өлкесі қазақ даласы десек, соған орай осы кезге дейін талай адамды елімізде неге жылқы музейі жоқ деген орынды сұрақ мазалайтын еді. Енді, міне, соның олқылығын Қазталов ауданында ең алғашқы болып ашылған «Сәйгүлік» жылқы музейі толтырады деп санаймыз. Толтырмаса да игілікті істің бастауына Қазталов ауданы айналғаны айдай анық.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»