13 мам, 2022 сағат 09:34

Елімізде 673 интернет-ресурсқа шектеу қойылды


Қазақстанда заңға қайшы 673 интернет-ресурс пен сілтемелерді таратуға шектеу қойылды. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпарат комитеті хабарлады.

"ҚР АҚДМ Ақпарат комитеті Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау тұрғысынан әлеуметтік медианы қоса алғанда, ақпараттық алаңға тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Мониторингте республикалық және өңірлік БАҚ, телеарналар, отандық және шетелдік интернет-ресурстар қамтылған.

2022 жылдың 1-30 сәуірі аралығында «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-1 бабының 1-1 тармағына сәйкес уәкілетті органның ұйғарымымен 673 интернет-ресурс пен сілтемелерді таратуға шектеу қойылды" - делінген хабарламада.

Олардан мынадай заңбұзушылықтар анықталды:

– экстремизмді насихаттау – 5;

– порнографияны тарату – 133;

– есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын насихаттау – 20;

– ойын бизнесі – 272;

– жарнама – 24;

– әкімшілік құқық бұзушылық – 4;

– алаяқтық – 197;

– баланың денсаулығына, адамгершілік және рухани дамуына зиян келтіретін ақпаратты орналастыру – 18.

"Бұдан басқа, Комитет БАҚ-ты есепке қою бойынша жұмыс жүргізеді. 

Сәуір айында Қазақстанда 22 БАҚ тіркелген, оның ішінде – 7 мерзімді баспа басылымы, 14 ақпараттық агенттік және желілік басылым (6 АА, 8 ЖБ), 1 шетелдік телеарна. Сондай-ақ, 38 БАҚ қайта есепке алынды.

Осылайша, 3 мамырдағы жағдай бойынша: Қазақстанда 5173 БАҚ тіркелген, оның ішінде – 3672 мерзімді баспа басылымы, 191 телеарна, 84 радио, 948 ақпараттық агенттік пен желілік басылым (533 АА, 415 ЖБ).

Отандық БАҚ – 4895, шетелдік БАҚ - 278.

Тіркелген БАҚ-тың жалпы санының ішінен ең көбі – баспа тобы (3672); оның ішінде – 2179 газет және 1493 журнал" - дейді министрлік.