Қазақстанда алты фармацевтикалық кәсіпорын медициналық бетперде шығарады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, «Dolce» (Алматы облысы) - тәулігіне 60 мың дана; «Super-pharm» (Жамбыл облысы) - тәулігіне 70 мың дана; «Mega Pharma» ЖШС (Жамбыл облысы) - тәулігіне 50 мың дана; «Medical Active Group» ЖШС (Алматы қаласы) - тәулігіне 5-6 мың дана; «Мерусар» ЖШС (Павлодар қаласы) - тәулігіне 5 мың дана; «ТК-Фарм Актобе» ЖШС (Ақтөбе қаласы) - тәулігіне 15 мың дана.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне маска өндірісінің көлемін тәулігіне 1 млн данаға дейін жеткізу тапсырылған еді. Тігін кәсіпорындарын тарта отырып, қазірде бұл көрсеткішке қол жетті.
Бұрын фармацевтикалық кәсіпорындардың қуаты - тәулігіне 170 мың дана болса, қазір 340 мыңға жетті. Бұл «Dolce» ЖШС өндірісін кеңейту есебінен болды. Онда қысқа уақыт ішінде екі қосымша станок қойылып, қуатын 3 есе, яғни 60 мыңнан 180 мың данаға дейін ұлғайтты. Шикізаттың алғашқы партиясы Қытайдан 1 сәуірде әкелінді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәсіпорындар өнімін «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы дәріханалар желісі және өңірлерде қоймалары бар - «Акниет» ЖШС, «Медсервис» ЖШС, «Амир және Д» ЖШС, «Аманат» ЖШС, «Стофарм» ЖШС сияқты ірі дистрибьюторларға орталықтандырылған негізде таратады. Аталған кәсіпорындар маска бағасын 15% артық өсірмеу туралы міндеттеме алған.