16 шіл, 2021 сағат 21:17

Елімізде 30 мыңнан астам бала коронавируспен ауырған


Жыл басынан бері Қазақстанда 30 мыңнан астам бала COVID-19 індетіне шалдықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүгінге дейін балалар арасында 31 мың 188 жағдай тіркелді. Олардың 88% -ы бүгінде жазылып шықты, орташа есеппен ауыртпалық 14,3%-ды құрады. Және балалардың 86,5%-да аталған індет симптомсыз болды. Бұған дейін айтып өткенімдей, балалар арасында коронавирустың таралу қарқыны өсіп отыр. Егер биылғы қаңтар мен шілде айын салыстырар болсақ, шілде айында балалар арасында вирусқа шалдығу 2 есеге өсті», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. 

Одан бөлек, комитет басшысы ұжымдық иммунитет қалыптаспай аталған індеттің тарала берілетінін ескертті.

Оның айтуынша, бүгінде коронавирус жұқтырушылардың 80 пайызы симптомды және 20 пайызы симптомсыз көрсеткішті құрайды. 

«Жоғарыда айтылған статистика вирустың мутацияланып, одан әрі таралып жатқанын көрсетіп отыр. Яғни біз ұжымдық иммунитеттің қалыптастырмайынша коронавирус тарала береді. Одан сақтану өз қолымызда», - дейді ол.