02 ақп, 2021 сағат 08:18

Елімізде 24 көтерме-тарату орталығы салынады

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов азық-түлік бағасын тұрақтандыру жолдары атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тиімді қалыптастыру министрліктің тұрақты бақылауында. Өткен жылғы 11 пайыздық өсім импортқа тәуелді және экспортқа бағдарланған негізгі 5 тауарға байланысты болды. Олардың үлесі 8,9 пайызды құрады. Бағаны түбегейлі тұрақтандыру үшін Министрлік бірқатар кешенді шараларды ұсынады. Біріншіден, әкімдіктер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет. Тауарлардың бағалары өсуі кезінде шекті бағаларды енгізу бойынша дереу шараларды қабылдау; импортқа тәуелді және экспортқа бағдарланған тауарлар бойынша тұрақтандыру қорларын толықтай қалыптастыру; өзімізде өндірілетін тауарлар бойынша қаржыландыру көлемін 50 млрд теңгеге дейін ұлғайта отырып, «айналым схемасы» аясында форвардтық келісімшарттарды басым түрде қаржыландыруды қамтамасыз ету керек»,- деді ол. 

Екіншіден, министр ауыл шаруашылығы тауарларының өндірісін ұлғайту қажеттігіне назар аудартты.

«Үшіншіден - сауданы цифрландырумен қатар, Ұлттық тауар өткізу жүйесін іске асыру. Жалпы, 24 көтерме-тарату орталығы салынады. Оның ішінде 2022 жылы Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларында, және Алматы, Жамбыл, Павлодар облыстарында 7 көтерме-тарату орталығы іске қосылады. Сонымен бірге В2В платформасы енгізіліп, әлеуметтік әмиянмен интеграцияланатын болады», - деді Бақыт Сұлтанов.