Елімізде 110 көлік ұрлаушы, оның ішінде 7 қылмыстық топ қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Министрлік 16-22 тамыз аралығында елімізде «Автомобиль» деген шартты атаумен кең ауқымды іс-шара өткізді. Оған 4 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылып, аталған кезең ішінде 95 көлік ұрлығы ашылды. Іс-шара барысында 433 пост, оның ішінде көршілес елдермен шекаралас аудандарда 62 пост қойылды. 3 мыңнан астам көлік жөндеу орталығы, жекеменшік автошеберханалар, көлік тұрағы кооперативтері мен автотұрақтар тексерілді», - деді ол.
Оның айтуынша, аталған жұмыстардың нәтижесінде ұрланған 5 көлік табылды. Автобөлшектер сататын орындарды тексеру барысында ұрланған көліктің бөлшектерін сатудың 16 дерегі тіркелді.
«Ішкі сауда ережесін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 204-1-бабымен 70 әкімшілік хаттама толтырылды. Іс-шара барысында 110 көлік ұрлаушы, оның ішінде 7 қылмыстық топ қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - деді Қанат Нұрмағамбетов.