ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Заң жобасы Қазақстан Республикасының 2017-2021 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасына және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленген. Заң жобасының міндеттері көші-қон заңнамасын тиісті бағыттар бойынша жетілдіруге негізделген. Осы орайда, Қазақстанға келген этникалық репатрианттар мен қоныс аударушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау; ел экономикасының қажеттіліктерін қамтитын қолайлы инвестициялық климат құруға бағытталған сыртқы еңбек көші-қонының тиімді жүйесін құру; халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, заңсыз көші-қонның алдын алу, көші-қон процестерін реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық базаны кеңейту бағыттары ескерілген.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, этникалық қазақтар оралман мәртебесін алу үшін Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін шет мемлекеттің аумағында тұру фактісін растауға тиіс. Іс жүзінде 1991 жылдан кейін дүниеге келген этникалық қазақтар мұндай құжаттарды бере алмайды. Осыған байланысты этникалық қазақтың бұрын ҚР азаматы болмағандығы басты критерий болады» деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Екіншіден, қандас бауырларымызға қолайлы жағдай жасау үшін, сондай-ақ өткізілетін құжаттардың тізбесі қайталануына байланысты оралмандардың тұрақты түрде тұруға рұқсат алуға және Қазақстан азаматтығын алуға құжаттарды бір мезгілде беру мүмкіндігі қарастырылады. Қоныс аударушыларды орналастыру, жұмыспен қамту және бейімдеу жөніндегі әлеуметтік қызметтер кешенін ұсыну мақсатында қандастарға ғана емес, қоныс аударушыларға да бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету жөніндегі орталықтардың функциялары кеңейтілетін болады.