Орта салмақтағы боксшы Данияр Елеусінов (10-0, 6 КО) келесі жекпе-жегін сәуір айының ортасында өткізуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін Даниярдың промоутері Эдди Хирн қазақстандық үшін сәуірде Деметриус Андраде (29-0, 18 KO) — Лиам Уильямс (23-2-1, 18 KO) бокс кешінің андеркартында жекпе-жек ұйымдастыру жоспары туралы айтқан болатын. Енді Matchroom Boxing басшысы алдағы өтетін шоудың күтіліп отырған датасын нақтылады – бұл 17 сәуір. Бокс кеші АҚШ-тың Род-Айленд штатының Провиденс қаласында ұйымдастырылмақ.
Қазақстандық боксшының қарсыласы әзірге белгісіз. Хирннің айтуынша, артық төлем жасауға тура келсе де, олар Елеусінов үшін мықты қарсылас табуға тырысады.
Еске сала кетсек, 27 қараша күні өткен соңғы жекпе-жегінде Данияр бұрынғы әлем чемпионы, Намибия боксшысы Джулиус Индонгоны (23-3, 13 КО) екінші раундта нокаутқа жіберіп, IBF Inter-Continental-дың бос титулын жеңіп алды.