10 мам, 2024 сағат 17:46

Елена Рыбакина денсаулығына байланысты Рим турниріне қатысудан бас тартты


Фото: Sports.kz


Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Рим WTA 1000 турнирінде өткен жылғы чемпиондық атағын қорғаудан бас тартты, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Сhampionat.com сайтына сілтеме жасап.


Таратылған мәліметке қарағанда, бұған теннисшінің ауырып қалғаны себеп болған. Е.Рыбакина бүгін екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 161-орында тұрған румыниялық Ирина Бегумен ойнауы керек еді. Енді оны франциялық Осеан Доден алмастырады.


Осылайша, Елена Рыбакина Римде чемпиондық атағына қоса өткен жылғы рейтингілік ұпайынан айырылды.


«Биыл Рим турниріне қатысудан бас тартуыма байланысты өкініш білдіремін. Жарысқа түсу үшін өзімді ойдағыдай сезіне алмай тұрмын. Өткен жылғы додадан жақсы естеліктер қалды. Мен өз титулымды қорғауды тағатсыздана тостым. Рим – мен үшін ерекше қала. Енді чемпиондық атағымды қайтару және италиялық жанкүйерлер алдында ойнау үшін келесі жылды күтемін», - деді қазақстандық теннисші.


Сонымен қатар Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Александр Бублик те жекелей сында Рим мастерс турнирінде жеңіліп қалды. Ол екінші айналымдағы бастапқы кездесуінде күтпеген жерден рейтингіде 53-сатыдағы португалиялық Нуну Боржешке есе жіберді – 4:6, 4:6.


Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Римде АҚШ чемпионын тізе бүктіргенін жазған болатынбыз.

Ю.Путинцева үшінші айналымда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен ойнайды.