15 мам, 2019 сағат 08:11

Электронды саудадағы 3D революция

Қазіргі кезде тұтынушылардың талғамы тез өзгерді. Ал уақыттың талабына сай бейімделе алмаған саудагерлер артта қалады. Адамның жақсы дүниеге тез үйренетіні анық. Интернет-дүкеннің рахатын көрген жұрт ғаламтордағы әр сауда орнынан тап осындай дәрежеде қызмет көрсетуін күтеді. Халықтың қажеттілігін ақтау үшін сатушылардың жалғыз амалы бар. Ол – кәсібіне үздіксіз инновация мен жаңашылдықтар ендіру. Жаңа 3D-технологиялары – интернеттегі сауданы түбегейлі өзгертіп, революция жасауға қауқарлы күш.

Тауарларды 3D кескіндеу

Интернеттегі жұмыс қолайлығы мен кәдімгі дүкендерден гөрі ауқымды ассортиментіне қарамастан, электронды сауданың да өз кемшіліктері бар. Мәселен, тауарды сатып алмас бұрын кәдімгі дүкендегідей жан-жақты қарауға мүмкіндік жоқ. Дәлірек айтсақ, осы кезге дейін болған жоқ. Енді 3D-кескіндеу арқасында сатушы тұтынушыларына тауарларының интерактивті көлемді кескінін ұсына алады. Сатып алар алдында, оны мұқият зерттей алады. Кескінін үлкейтіп,  кішірейтеді, қалаған жағына бұрып,  бар қырынан көреді. Кейбір сатушылар интернеттегі саудасының сапасын көтеру амалы ретінде тауарларын көрсететін бейнероликтерді пайдаланып отыр. Алайда жақында жүргізілген сауалнамаға қарағанда, жұрттың 95 пайызы одан гөрі интерактивті үш өлшемді кескінге көңілі ауған.

Тауарлардың 3D кескіндеуі тұтынушыларға олардың сапасын тексеруге мүмкіндік беріп, сатылымдар көрсеткішіне де тікелей әсер етті. Мұны конверсия деңгейінде, яғни сайтқа кіргендердің жалпы санында нақты бір қимыл жасағандардың үлесінен айқын байқауға болады.

Шығыс Еуропадағы сән-салтанат заттарын сататын ең ірі әмбебап дүкендердің бірі – ЦУМ 40 мыңнан аса тауар түрін 3D кескінге цифрландырған. Бұл қысқа мерзімде зор мөлшерде өнімдерді кескіндеуге болатынын айғақтап отыр. Ең бастысы, бұл үшін дұрыс құралыңыз болуы керек, өйткені 3D өлшемді кескіндеуге қолданылатын амалдардың көбінде елеулі кемшіліктер бар. Олар қымбат құрал-жабдықты қажет етеді және көп уақыт алады.  Ал бұл үлкен каталогтар жасау үшін жарамайды. Тек жақында ғана кез келген дененің үш өлшемді кескінін жасау оңайланды. Енді бұл үш сатыдан тұратын жеңіл жұмысқа айнала бастады. Таңдаған нысаныңызды цифрлі камераға түсіресіз, осыдан кейін оны өңдейтін платформаға жүктейсіз. 3D кескіні дайын болысымен веб-сайт, ұялы қосымша немесе  3D / AR / VR қосымшаларына не қалаған жеріңізге орната аласыз. Қолданудағы тиімділігімен қатар, үш өлшемді кескіндеуге арналған жаңа SaaS технологиясы өте жылдам. Ол бұрынғылармен салыстырғанда 10 есе шапшаң және арнайы құрал-жабдықты қажет етпейді.

3D-кескіндеуді қолданудың үлгілері

Сатушылар үшін тауарды цифрландыруда кездесетін тағы да бір қиындық болды. Соңғы уақытқа дейін жібек, былғары мен зергерлік бұйымдар секілді қара түсті немесе жылтыр, мөлдір заттарды және пішіні мен фактурасы ерекшеленетін тауарларды үш өлшемде модельдеу және үш өлшемде сканерлеу мүмкін емес еді. Дегенмен, 3D-кескіндеудің арқасында бұл сипаттары да кедергі болудан қалды.  

Көлемі үлкен бұйымдарды сататын интернет-дүкендер өнімінің мөлшері мен түрі және қай материалдан жасалғанын айқын көрсету үшін үш өлшемді кескіндеу құралын қолданады. Мысалы,  жол сандықтарын сататын «Samsonite» құрылғы арқасында тауарларының онлайн-таныстырылымдарын  барынша шынайы жасаған.

«Тұтынушыларымызға тауарларды мұқият зерттеу мүмкіндігі маңызды, ал 3D-кескіндеу онлайн-сауда мен кәдімгі дүкендер арасында алшақтықты еңсеруге мүмкіндік береді», – дейді  «Samsonite» компаниясының электронды сауда бойынша вице-президенті Джей Нигрелли.

Одан кіші әрі нәзік бұйымдарды да 3D түрінде цифрландыруға болады. Бұған мысал ретінде электронды құттықтаулар саласында көш бастап жүрген «American Greetings» компаниясын келтіруге болады. Олар өз сайтында жоғары сапалы фотографиялармен қоса 3D-кескіндерді де ұсынып отыр.

Кең қолданылып жүрген құралдармен құттықтау хаттарының түрін интернетте дәл келтіру мүмкін емес, сол себептен «American Greetings» өнімдерін 3D түрде кескіндеп, өз күрделі мәселесін шешті деуге болады. Әдетте құттықтау хаттарында жылтырақ, бедерлі және өзге де әшекейлер болады. Ал өнімге сән келтіретін бұл дүниенің бәрін дәстүрлі 2D- түріндегі фотосуретте бағалау қиын.

Іш киімді де 3D түрінде цифрландыруға болады, мұны «F3 Studio» еуропалық сән бренді дәлелдеген. Әсем әрлеуі мен шілтер безектері 3D-кескіндеу технологиясы үшін қиындық туғызбайды.

Кейбір зергерлік брендтер де заманнан артта қалғысы келмейді.  «Guérin Joaillerie» еуропадағы премиум-бренд асыл тастарының жарқырауы мен мөлдірлігін, сәуле шашуын және ерекше дизайнын айқын көрсету үшін  3D-кескіндеуді қолданған. Әрине, асыл тастардың мұндай қасиеттерін өзге тәсілдермен жеткізу қиын.

Зергерлік бұйымдар саудасы айрықша кәсіп. Тұтынушылардың көбісі онлайн түрде асыл тастарды сатып алуға күмәнмен қарайды. Ал енді тек саусақ ұшымен жәдігердің бүкіл қырын қарауға мүмкіндік беретін интерактивті кескіндеу осы күдіктерді сейілте алады.

Өнімдерді 3D-кескіндеу саласына арналған жасанды интеллект құралдары

Бизнес-шешімдерді қабылдау ісі дерекқорларға көбірек сүйене бастағандықтан, өлшеуіш көрсеткіштеріне сұраныс күрт артқан. Бүкіл саладағы маркетологтар  конверсия коэффициенті, веб-сайтқа кіргендер саны және тұтынушылармен өзара әрекеттесу деңгейін маңызды бағдарлар ретінде қарастырады. Бірақ кейбіреуі жаңа көрсеткіштерді жұмысында қолдану қажеттігін әлі де сезбей жүргендей.

2019 жылы шыққан жасанды интеллект құралдары тұтынушылар веб-сайттардағы тауар кескіндерімен қандай қимылдар жасайтынын қадағалап, ең баянды көрсеткіштерін жылу картасына түсіре алады.

Қай қырынан қанша уақыт қарағанын және қай тұстары ең көп қызуғышылық туғызғанын белгілейді, сондай-ақ тұтынушылардың қылығына қарап, сатылу мүмкіндігін болжап береді.