20 қаз, 2024 сағат 12:26

Электромобильді үйінде қуаттайтындарға айыппұл салынуы мүмкін

Фото: Pexels.com

Қазақстанда электр көліктерін үйде қуаттайтын жүргізушілерге айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы. Электромобильдерді пайдалану ережелеріне қатысты жаңа өзгерістер қыркүйек айында күшіне енді.

Данияр Ақатаев электр көлігін үйінде 7 киловатт қуат беретін зарядтау станциясы арқылы қуаттайды. Оның айтуынша, электрокары 3-4 күн сайын қайта зарядтауды қажет етеді, ал нөлден 100%-ға дейін зарядтау шамамен 10 сағатқа созылады.

«Әдетте, біз көлікті түнде қуаттаймыз. Жеке секторда тұратындықтан, үйде қуаттау біз үшін қолайлы әрі арзанға түседі. Қажет болған жағдайда бұл процесті заңдастыруға дайынбыз», – дейді Данияр.


Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, егер электр қуаты жеткілікті болса және есептегіштер дұрыс орнатылса, электромобильді қуаттау үшін қосымша келісімдер қажет емес. Алайда қуат жетіспесе, желіні жаңартып, жаңа техникалық шарттар алу керек.

«Егер құрылғының қуаты жеткіліксіз болса, жаңа техникалық шарттарды алу қажет. Үйіңізде электр зарядтау станциясы болса, оны тұрмыстық емес тұтынушы ретінде пайдалануға арналған келісім-шарт жасауыңыз керек», – деп түсіндірді ҚР Энергетика министрлігінің өкілі Әлімжан Тұрар.


Сарапшылар бұл шаралардың қажет екенін айтады, өйткені елде электр тапшылығы артуда. Электр желілеріне шамадан тыс жүктелмеу үшін зарядтау станцияларын қосу кезінде техникалық талаптарды сақтау маңызды.