07 мау, 2024 сағат 16:37

Елдос Сметов Париж Олимпиадасына жолдама алды

Сурет: ашық дереккөз

Алматыда дзюдодан 60 келі салмақта үш балуан арасында өткізілген Олимпиадаға іріктеу турнирі аяқталды. Қазақстандық танымал дзюдошы Елдос Сметов шешуші белдесуде Нұрқанат Серікбаевты жеңіп, төртжылдықтың басты додасына лицензия ұтып алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Елдос алғашқы кездесуінде Мағжан Шамшадинді сан соқтырды. Өз кезегінде Нұрқанат Серікбаев та іріктеу турнирінде М. Шамшадиннен басым түсіп, Олимпиада жолдамасына таласуға мүмкіндік алған. 

Алайда 60 келі салмақтағы тартысты өткен белдесудің Golden Score кезеңінде қос балуан 9 минут күресті. Тәжірибелі спортшы Елдос Сметов бозкілемдегі ширақтығының арқасында Waza-Ari ұпайын еншіледі.

Осылайша ол үшінші рет Олимпиадаға бару мүмкіндігіне ие болды. Cметов бұған дейін Рио Олимпиадасында күміс, Токио Олимпиадасында қола медаль иеленген болатын. 

"Елдостың бүгінгі қарсыластарынан мықты екенін мойындауымыз керек. Енді оған Парижге жақсы дайындалып, Франция астанасында Қазақстанның атынан сәтті шығуына тілектеспін", - деді ұлттық санаттағы судья Бақыт Матышев.