10 қаз, 2018 сағат 10:50

Елдер арасында жаңа қамалдар пайда болып жатыр - Назарбаев

Қазір елдер, геосаяси блоктар арасында жаңа қамалдар, жаңа «темір перделер» орнатылып жатыр. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде осылай айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Біз баршамызға ортақ планетаны келер ұрпаққа қандай күйде жеткіземіз? Бұл - өркениеттің басты сұрағы, басты мәселесі. Міне, үшінші мыңжылдықтың 18 жылын бастан өткеріп отырмыз. Алайда бейбітшілік, бақуатты, берекелі өмір адамзаттың негізгі үрдісіне айнала қоймады. Әлемдік қоғамдастық өзара сенбеушілік, жек көрушілік, қақтығыстар шеңберінен шыға алмай отыр. Көріп отырғанымыздай, жағдай жақсармады, керісінше нашарлай түсті. Елдер, геосаяси блоктар арасында жаңа қамалдар, жаңа темір перделер орнатылуда. Экономикада, қаржы саласында кедергілер пайда болып жатыр. Олар бір-бірінен асып-түсуге тырысып, бір-бірін қырып-жоюға құралдар жасап, бұған қыруар күш жамсауда. Керісінше, біз ынтымақтастық үшін жағдай жасап, халықтардың өркениеті үшін бірлескен жобалар жасауымыз керек. Біз қате жолдан арылуымыз қажет. Сондықтан, баршамыз прогресс, даму жолына қайта түсуіміз керек. Бұны тез қолға алу қажет. Өйткені күн сайын адамдардың тағдыры шешіліп жатыр. Мыңдаған, миллиондаған адам туған жерлерін, шаңырақтарын тастап кетуге мәжбүр. Көптеген адам із-түссіз жоғалуда. Бүгінгі күні босқындар саны 60 миллионнан асып түседі. Бұл ашық қақтығыстардың ғана әсерінен болып отырған жоқ», - деді Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазір адамзат бар күш-жігері мен қаражат-құралдарын қақтығыстарға жұмсап отыр. Сол себептен олар табиғи апаттардан қорғану үшін күш, қаражат пен құрал-жабдық таппай қалады.

«Технологиялық даму мен әлем байлығына қарамастан әлеуметтік апаттар көлемі кеңейіп жатыр. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, планета халқының 14 пайызы аш, жұмыссыздардың жалпы саны 190 милионнан асып түседі. Бұл әлеуметтік теңсіздікті күшейтеді. Ал бұл өз кезегінде радикализмге негіз болады. Сондықтан ең басты мәселе – қауіпсіз, әділетті әлем құру», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Атап өтсек, бүгін Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі басталды. Діни көшбасшылар кеңесінің үшінші отырысын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Ал «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлемді жақтайды» тақырыбындағы жалпы отырыс Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатыр. Жиын түрлі ұлт өкілдерінен құрылған хор ансамблінің әнімен ашылды.

Съезд екі күнге жалғасады. Оның жұмысына барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, беделді діни көшбасшылар, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысып отыр.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі алғаш рет Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде шақырылған болатын.