20 там, 2021 сағат 14:00

"Елдегі кен қорының ортайғанын Қашаған ғана байқатпай тұр" – вице-министр


ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев игерілген кеннің орнын жаңасымен толықтыру проблемасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қала құраушы кәсіпорындарды кен қорымен қамтамасыз ету проблемасы қазір өзекті, бірнеше рет талқыладық та. Басты проблема пайдалы қазбалар қорының баяу толығуында. Геологтар арасында жазылмаған ереже бар. 1 тонна өндірсең, орнын екі тонна қормен толтыру керек. Бүгінде қатты пайдалы қазбаларды өндіру көлемі мен толығудың арасындағы өсу коэффициенті орташа есеппен 0,13, мұнай қорының толығу коэфиценті – 1,5» - деді Серікқали Брекешев ОКҚ брифингінде. 

Ведомство өкілінің айтуынша, елдегі кен қоры ортайып бара жатқанын Қашағандағы мұнайдың қоры білдірмей тұр.

«Бір қарағанда өсім жаман емес сияқты. Бірақ бұған негізінен Қашаған кен орны есебінен солай болып отыр. Қашаған болмаса, кен қорының толығу коэффициенті 0,9 белгісінде болар еді. Бұл проблеманы шешу үшін жаңа перспективалы учаскелерді жедел анықтап, ескі кен орындарын жете барлау қажет. Геологиялық барлауға жеке инвесторларды тарту керек. Өйткені жаңа кен орнын ашқаннан кейін оны іске қосу үшін кемінде 10-15 жыл керек», - деп қорытындылады вице-министр.