31 қаң, 2025 сағат 13:20

"Эльчин Сафарли мені екі қазақша кітап жазуға шабыттандырды": жас жазушымен сұхбат

Фото: Асқар Марленнің жеке архивінен

Қазақ тілінде әңгіме мен роман жазатын жас қаламгерлер туралы ақпарат бүгінде аз. Бір кездері жазушылар мен ақындар өз туындыларын шығару үшін баспахана кезегінде тұратын болса, бүгінде олардың қатары сиреп барады. Соған қарамастан, тәуекелге бел буып, қазақ тілінде екі бірдей роман жазған жас жазушы – Асқар Марлен. Жастығына қарамастан, адамдардың сан қилы тағдырын терең түсініп, оны көркемдікпен суреттеуге құлшынған қаламгермен оқырмандарды жақынырақ таныстырайық деп шештік. 

- Марлен, өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Қай жердің тумасысыз, біліміңіз қандай?

- Толық аты-жөнім Асқаров Марлен Нұржанұлы. Асқаровты өзім әдейі Асқар деп қысқартқан болатынмын. Қазақтың баласы емеспін бе. Көбі шатасып жатады. Есімім Асқар емес, Марлен. Асқар - тегім!

Мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында, 1999-жылдың 1-ші желтоқсанында дүниеге келдім. 2017-жылы арман қуып, жоғары оқу орнынан білім алу үшін Алматы қаласына көшіп, Сүлеймен Демирель атындағы университетке оқуға түстім. Мамандығым бойынша журналиспін. Жазушылық өнер де журналистика саласынан алыс емес дүние.

- Қай уақыттан бері әңгіме жазасыз? Жазушылық қабілетіңізді арнайы дамыттыңыз ба, әлде бірден жазып кеттіңіз бе?

- 2023 жылдың қысында әзірбайжан жазушысы Эльчин Сафарлидің “Когда я вернусь, будь дома” дейтін романынын оқып бастадым. Тым ұзақ оқыған болармын, себебі көктемге қарай, сол романды оқи отыра, мен бір оқиға жазып көрейінші деген ой туды. Шабыт сыйлай білген роман сол еді. Алғаш жазып бастағанымда не жазып жатқанымды ұққан жоқпын, кейін оқиға желісі құрала бастаған сәттен бастап, толыққанды романға айналарын ұқтым. Осылайша алғашқы, “Togysqan Tagdyr” атты романым жарық көрді, өз оқырманын таба білді. Яғни, жазушы болуыма себеп болған өзгенің еңбегі әрі шабыт. Бүгінде де Сафарли сүйікті авторым. Иә, бала күндері, яғни мектеп қабырғасында өлең жолдарын жазғаным өтірік емес, сол сәттердің де әсері болған болар.

Фото: Асқар Марленнің жеке архивінен

- Осы уақытқа дейін жазған еңбектеріңізді таныстыра кетсеңіз, бұл туындылардың жарыққа шығуына қандай жағдайлар себеп болды?

- Бүгінде екі роман авторымын. Алғашқысы - оқиға желісі қиялымда туған, бірақ шынайылықтан ажырамаған, Қазақстандағы 90-жылдардың қиындығы мен романтикасын, екі ғашықтың арасындағы кедергіге толы махаббатын бейнелей білген, әрі бір ғана ауланың ішінде оқиға желісі өрбіген роман бола білген "Togysqan Tagdyr" атты романы. Ал екінші романымның атауы - "Zhol". Оқиға желісі өмірден алынған. Алғашқы 40%-ы өмірде орын алған оқиға, қалған 60%-ы өз ойымда туған оқиғалар желісі, бірақ әділетсіздік пен таңдау жайында.  2024-жылдың керемет туындысына айнала білген роман, әлі де солай деп есептеймін, себебі өз оқырманын таба білген, әрі айтар ойы мен өзіндік атмосферасы бар, толыққанды бір фильм қарап отырғандай күй сыйлайтын романға айналды. Иә, өзіне қол жұмсап өмірден өткен баланың анасынан осы оқиғаны есітіп, жазып, танытайын деп рұқсат алып, сонан соң жарық көрген туынды.

- Кітап шығаруда қиындық болмады ма? Жалпы қазақша кітап шығаруда қандай кедергілерге тап болдыңыз?

- Жалпы алғанда, оңай іс жоқ. Кітап жазу мен оны дүниеге әкелу жолында қиындықтар бар, бірақ тым көп демес едім. Әрине, оқиға желісін құрау қиын. Шындыққа жанастыру қиын, дегенмен жазу өнері, қабілеті автордың бойында бар болса, ол дүйім-жұрт оқитын туынды жаза алады, сол себепті мен де жаза алдым деп ойлаймын. 

Ал қазақ тілді кітапты кез-келген баспа басып шығарады, тек алдын ала оқып, ұнатып, әрі оқуға лайық деп санап жатса. Лайық болған екен, сол себепті де менің екі бірдей туындым жарық көріп отыр. Ал сатылымға келер болсақ, "Kitapal" атты дүкен мені бірден қарсы алды, менің романдарымды танытуға, жарнамалауға, сатылымына көмек қолдарын созатындарын айтты. Бүгінде сол "Kitapal" дүкенінде сатылымда. Ал орыс тілді дүкендер әлі күнге дейін нақты жауап берер емес.

- Кітап жазу да, шығару да оңай емес. Тәуекелге қалай бел будыңыз? Кімдер көмектесті? Жас жазушыларға қандай кеңес бересіз?

- Кез келген бастама үрейден бастау алады. Қорқу, алаңдау, уайымдау қалыпты жағдай, себебі алғашында сіз бұл салада ненің, қалай, қандай ретпен орындалуы керек екенін білмейсіз, ал бір мәрте тәуекелге бел буып, кірісіп, жасап көрсеңіз, аса қатты қиындықтың жоқ екенін байқайсыз да, ұғасыз да. 

Жас-жазушыларға кеңес беретіндей жасым тым үлкен емес. Өзім де жаспын, дегенмен берер кеңесім: ішіңізде қайнап жатқан дүниені сыртқа шығаруды үйреніңіз, санаңызда туған оқиға желісін қағаз бетіне түсіріңіз, оқиғаның бастау алатын тұсын құрай алсаңыз, ары қарай өрбіту тым қиын емес, тек асықпай жазуыңыз қажет, тіпті бірнеше айлар өтсе де. Неге? Себебі сіздің оқиға желіңіз, туындыңыз, бір болсын жанның өміріне әсер етуі қажет әрі сабақ бере алуы қажет, сонда ғана сіз керемет романның авторымын деп өзіңізді санай берсеңіз болады.

Романдағы әрбір әрекетпен, диалогпен, мұңмен, қарама-қайшылықпен немесе шиеленіспен, бақытты/бақытсыз шақпен, махаббатпен, қоштасумен, сағынышпен кинотуынды қарап жатқандай күйді оқырман үшін  тудыра алсаңыз, демек сіз керемет туынды жаза білген авторсыз.

- Сүйікті жазушыларыңыз кім? Қазақ жазушыларынан кімдерді сүйіп оқисыз?

- Әзірге сүйікті жазушым жалғыз. Ол - Эльчин Сафарли. Мүлде бөлек, басқа әлемге саяхаттауға сізді оқиға желісімен әрбір тәтті сөздерімен ала кететін жазушының әрбір туындысы оқуға лайық. Ол кімнің шығармашылығы? Әрине, Сафарлидің. Әзірбайжан жазушысы, мына біздің түрік дүниесінің өмір сүру салтын, мәдениетін, әдебиетін, мұңын, қайғысын, эмоционалдығын, ең бақытты шақтарын өзге халықтармен таныстыру арқылы, оқыған әрбір оқырманға өзінің ойын жеткізе біледі. Тым ерекше жан, тым ерекше жазушы, тым ерекше автор деп атар едім. Адам баласының ең мұңды да, ең қуанышты да сәттерін адамзатқа маржан сөздері арқылы жеткізе білетін жазушы ол - Эльчин. Мәңгі мақтауға болады, бірақ сөз жетпейді. Менің онымен ұқсастығым, біздердің оқырман көбіне қыз балалары. Тым эмоционалды жан шығармыз, әрі бұл шығармашылығымызда көрініп-ақ тұратындай. Түрік халқының хикаяларында, актёрлерінің сахнасында ойнап жүрген дүниелерін біз жазу арқылы жеткізіп жүрміз бүгінде…

- Сіздің тағы ақындық өнеріңіз бар дейді. Үздік деген өлеңдеріңізбен таныстырсаңыз.

- Ақындық өнерім бары рас, дегенмен өлеңдерім еш жерде жарияланбаған, көбі өшіп кеткен. Сақтаулы  жерде сақталып тұрғандары жетерлік, бірақ атауы жоқ, сол себепті менің шығармашылығыммен танысқысы келген жан-романдарымды оқығаны жетерлік. Рақмет!

- Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан

Анара Бауыржанқызы