09 қыр, 2016 сағат 08:27

Елбасының қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды

Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысы басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz-ке сілтеме жасап.

«Осы айдың алғашқы онкүндігінде үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Отырыс барысында мен халықтың табысын арттыруға және жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталған жаңа шаралар ұсынамын. Яғни, экономика терең тыныс алып, қарқынды дамуы үшін жаңа қаражат тарту жолдары, банктердің жергілікті жерлерде несие беруі мен мүмкіндіктерді кеңейту мәселелері қарастырылатын болады», - деген болатын Мемлекет басшысы VI шақырылымдағы парламенттің екінші сессиясының ашылуында.

Еске сала кетсек, кеше ҚР Үкіметінде кадрлық ауыс-түйіс болды. Министрлер кабинетіне жетекшілік еткен Кәрім Мәсімов ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.

ҚР Премьер-Министрінің міндеттерін уақытша атқару Бақытжан Сағынтаевқа жүктелді.

Мемлекет басшысының Өкімімен ҚР ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Владимир Жұмақанов Қазақстан Президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.