Адам ата Хауа анадан басталған адамзат тарихында жұмыр жердің бетіне жарық дүниеге келіп кетіп жатқан жұмыр басты пенде көп. Бірақ, саналы ғұмырында сапалы іс атқарып, ел тізгінін тартар тектілік, дауға бітім айтып, бұқараға билік жүргізіп, алдымен атам қазақтың салтына сай ақ киізге көтеріліп Хан сайланып таққа отыру екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақ деп білемін.
Жалпы жер шарында, бүгінгі әлемде соның ішінде қазақ тарихында жаратқанның нұры түсіп, хан сайланған (патша, президент) тарихи тұлғалар аз емес.
Ал енді айтқым келіп отырғаны Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің тұңғыш президенті.
Міне сондықтанда Н. Назарбаев есімі тәуелсіз қазақ елінің тарихында алтын әріппен жазылып қалары айдан анық.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын». Билік басына ресми келген күнінен-ақ Семейдегі сынақ полигонының жабылып, Қазақстан ядролық қарусыз бейбіт мемлекет болып жарияланды. Бұл менің айтпағымның басы ғана.
Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған біздің еліміз тәуелсіздікке тәй-тәй басып, қадамын қаз-қаз басқан қазақ мемлекеті қарыштап дами бастады.
Ақ білектің күшімен асыл ерлеріміз қорғап қалған дархан даламызда шекарамыздың заңды түрде қазығы қайта қағылып, төрт бұрышымызды түгендеп алдық. ТМД, БҰҰ, ШЫҰ т.б. халықаралық беделді ұйымдарға мүше болу арқылы мемлекетіміздің әлемдік аренадағы саяси салмағы артып, сәлемімізді алмайтын кей мемлекеттер саулығымызды сұрайтын болды.
Ер етігімен су кешкен тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан тосырқамаған Назарбаев аппараты, керісінше болашаққа бет түзеп, Алатаудан басталған көш керуенін арқаға қарай бұрып, Есілге табан тіреді. Ары қарайғы әңгіме Астана туралы болатынын болжай беріңіз.
Ерке есілдің екі жағын ен жайлаған ажарлы Астана Н. Назарбаевтай сұңғыла саяси суретшінің авторлық қолтаңбасы тәрізді мен үшін. Себебі есте жоқ ескі заманның ертегілерде суреттелетін ғажайып хан орталарын елестетімін мен Астанаға барсам.
Н.Ә.Назарбаев Қазақстан-2030 стратегиясын уақытынан бұрын орындап, дамыған 50 мемлекеттің қатарына еніп, рухани жаңғыру жолында тарихын түгендеген ұлы дала елінің ұлт көшбасшысы мен үшін.
Жыл сайынға дәстүрлі Жолдауы - ел дамуын жаңа белеске бастайтын стратегиялық құжат.
Н.Ә. Назарбаевтың 2019 жылды жастар жылы деп, жариялау туралы жарлығы президент ретіндегі соңғы жарлықтарының бірі де бірегейі болып қала беретіні бесенеден белгілі.
Ойымды осы жерден түйіндейін. Ертеде ел басқарған бір хан билік құрған уақытының аяқталар тұсында бір сәуегейге келіп: "Мен билікті босатамын, бірақ мені елімнің ертеңі алаңдатады.Сен маған осы елдің болашағын болжап бер", - деп бұйырыпты.
Сонда әлгі сәуегей ханнан сол елдің жастарын алдына әкелуін сұрап, жастарының жанарына қарап: "Жастарыңның жанарында от бар екен. Ендеше еліңнің болашағы жарқын болады" деген екен. Ендеше егемен елдің ертеңі сізбен бізге аманат, құрметті замандас!
Жаратушыдан елімнің ертеңін жарқын, сәбиерінің ұйқысы тыныш болуын сұраймын. Тәңірден тілер тілек сол қарға тамырлы қалың қазақтың маңдайы жарық болғай!
Олжас Соғымбай,
Семей қаласының жастар ресурстық орталығы