18 мау, 2020 сағат 13:51

Елбасының денсаулығына алаңдауға негіз жоқ - Айдос Үкібай

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтан коронавирус анықталғанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ай басталғалы Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кестесі өте тығыз болды. Елбасы екіжақты келіссөздер жүргізіп, ресми тұлғаларды қабылдады. 

Оған қоса, Тұңғыш Президент отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Жалпы алғанда телевизиялық түсірім үшін 40 адам жұмыс істеді, оның ішінде шет елдің азаматтары да бар. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың жағдайын медицина қызметкерлері бақылап отыр. Алаңдауға негіз жоқ. Елбасы заманауи коммуникация арналарын пайдаланып қашықтан жұмыс істеп жатыр. 

Бекітілген хаттамаға сәйкес, Тұңғыш Президенттің басқа тұлғалармен байланысы шектелді. Елбасы қатысатын жоспарланған кейбір іс-шаралар бейнеконференцбайланыс түрінде онлайн режимде өтеді.

Ресми хабар тараған алғашқы минуттан бастап Тұңғыш Президенттің денсаулығына алаңдаған және тезірек сауығып кетуін тілеген азаматтардан хат алып жатырмыз. Менің телефоным хабарласқандар мен мессенджерлерден келген хабарламаға толып қалды. Журналистер, достар, туыстар, әріптестер хабарласып Елбасыға күш-қуат пен мықты денсаулық тілеп жатыр. Олардың қатарында жақын және алыс шетелден хабарласқандар бар. Тұңғыш Президентке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев а қолдау білдірді, еліміздің барлық аймағынан Елбасы Кеңсесіне жеделхат келіп түсіп жатыр. 

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтар мен барлық алаңдап отырған адамдарға алғыс білдіреді», - деді Айдос Үкібай.

Елбасының ресми сайтындағы хабарламаларға сәйкес, 2 маусымда Назарбаев Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекпен кездесті.

Дәл осы күні Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевті қабылдады, ол коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі қауіпсіздік кеңесінің шешімдерін орындау барысы туралы баяндады.

3 маусымда Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Отырыста Премьер-министр Асқар Мамин, "Қазақстан темір жолы" компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, "ҚазМұнайГаз" төрағасы Алик Айдарбаев, "Қазақтелеком" төрағасы Қуанышбек Есекеев, "Қазпошта" басшысы Сәкен Сәрсенов видеоконференция арқылы байланысқа шықты.

Елбасымен бір кабинетте оның көмекшісі Данияр Ақышев пен "Самұрық-Қазына" басқармасының басшысы Ахметжан Есімов болды.

Сондай-ақ, 3 маусымда Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Мохаммад әл-Джабермен кездесті.

Қазақстанда коронавирус эпидемиясына байланысты енгізілген төтенше жағдай режимі кезінде желіде Назарбаевтың сырқаты туралы қауесет пайда болды. Елбасы ұзақ уақыт бойы кездесулер өткізбей, көпшілікке көрінбеді. Сәуір айында оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Тұңғыш президенттің жағдайы нашар деген қауесетті жоққа шығарды.

Ол қатаң карантин жағдайында Елбасының жұмыс кабинетіне кіруге шектеу қойылғанын мәлімдеді.

7 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың үкімет басшысы Асқар Маминмен кездесуінен фото мен видео жарияланды.

ТЖ режимі Қазақстанда 16 наурыздан 11 мамырға дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында Елбасының өз кеңсесінен басқа жерде кездесу өткізгені жайлы ақпарат жоқ.