ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановпен кездесті. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу барысында сот жүйесінде реформаларды іске асыру аясында шараларды атқару барысы талқыланды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті мемлекеттік басқару жүйесінде соттар ерекше орында екенін айта келе, халықтың соттарға сенімін ары қарай арттыру бойынша жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
«Күн тәртібінде азаматтар құқықтарын қорғау мен сот жүйесіне халықтың сенімін арттыру тақырыптары үнемі өзекті болып қалады. Бұл бағытта елеулі жұмыстар атқарылды. Осы саланы дамыту тұрғысында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айрықша көңіл бөлінген. Белгіленген мақсаттар орындалуда, көрсеткіштер жаман емес. Соттарға деген сенім артып келеді», - деді Елбасы.
Өз кезегінде Ж. Асанов Нұрсұлтан Назарбаевқа судьяларды аттестациялаудан өткізу нәтижелері жайында, сот актілері сапасын арттыру мен судьялар жүктемесін төмендету бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді.
«Жаңа әдістеме бойынша судьяларды аттестауды жүргізе бастадық. Биыл аттестацияға қатысқан 377 судьяның ішінде 11 пайызы одан өте алмады. Жыл соңына дейін тағы 260 судья аттестациядан өтеді. Осы арқылы, 2021 жылы судьялардың 84 пайызы тексеріспен қамтылады», - деді Жоғарғы сот төрағасы.
Осы орайда, Елбасы сот жүйесінің тиімділігін арттыру көптеген шетел мемлекеттері үшін өзекті мәселе екеніне назар аударды.
«Соттарға деген қатынас өзгеруде. Алайда сіздерге әлі де ауқымды жұмыстарды іске асыру керек. Бұл проблемамен тек біз ғана айналысып жатқан жоқпыз, сонымен қатар өзге де мемлекеттер осы салаға ерекше мән беріп отыр», - деді Тұңғыш Президент.