Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының күн тәртібін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шағын құрамдағы отырысты ашқан Мемлекет басшысы сессия аясында ҰҚШҰ хатшысының ақпараты тыңдалып, Қазақстанның ұйымға төрағалығының қорытындысы шығарылатындығын атап өтті. Ұйымға мүше мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланатындығын айтты.
«Сонымен қатар қырғыз тарапы ҰҚШҰ-ға төрағалығы кезіндегі басым бағыттарын ұсынатын болады. Өйткені, төрағалық осы елге өтеді. Бүгін біз ҰҚШҰ аясындағы кең ауқымды бағыт бойынша жүргізілген жұмыстар туралы ақпаратты тыңдап, ағымдағы халықаралық ахуал, өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасатын боламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мұнан бөлек, ҚР Президенті сессияның жалпы отырысы аясында екі мәселе қаралып, одан кейін күн тәртібінде көзделген құжаттарға қол қою рәсімі болатындығын еске салды.
«Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімі мен төрт халықаралық шартқа қол қоюды қоса алғанда сессияның кеңейтілген кезеңіне 1,5 сағат бөлінген. Дегенмен, біз мұны жеделдете де аламыз. Себебі, маған баян етілгендей, барлық мәселелер біздің делегаттарымызбен келісілген. Отырыс аяқталғаннан кейін баспасөз алдына шығу болады. Егер қарсылықтарыңыз болмаса журналистермен өзім және Бас хатшының орынбасары Валерий Семериков барады», - деп атап өтті Елбасы.
Осыдан кейін Қазақстан Президенті күн тәртібі бойынша ақпарат беру үшін сөзді ҰҚШҰ бас хатшысының орынбасары Валерий Семерниковке берді.
«Күн тәртібінде 23 мәселе бар. Бұған қоса, шағын құрамда халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері мен ұйымға мүше мемлекеттердің өзара-іс-қимылын қарау ұсынылады», - деді Валерий Семерников.
Қазіргі уақытта отырыс жабық есік жағдайында өтіп жатыр.
Бұған дейін елордада Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы басталғанын хабарлаған едік.