04 қаз, 2016 сағат 14:16

Елбасы ресейлiк компанияларды жекешелендiруге белсендi қатысуға шақырды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресейлiк компаниялардың қазақстандық кәсiпорындарды жекешелендiруге белсендi қатысатынына үмiт бiлдiрдi. Бұл туралы Президент Астанада Қазақстан мен Ресей өңiраралық ынтымақтастық форумы аясында өтiп жатқан «Еуразиялық кеңiстiктегi көлiк-логистикалық әлеуеттi дамыту» бизнес-форумында айтты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі Baq.kz порталына сілтеме жасап.

«Бiз қазiр ауқымды жекешелендiрудiң кезектi кезеңiне кiрiстiк. Мемлекеттiң мақсаты – мемлекеттiк кәсiпорындардың экономикадағы үлесiн 15 пайыздан асырмау. Бәсекелес ортаға жалпы құны 10 млрд долларға жуық шамамен 800-дей кәсiпорын сатылады. Сатылым түрлi тәсiлмен – қарапайым аукциондардан бастап стратегиялық инвесторларға тiкелей сату арқылы жүзеге асырылып жатыр», - дедi Президент.

Мемлекет басшысы ресейлiк компаниялардың жекешелендiруге белсендi қатысатынына үмiт бiлдiрдi.

Айта кетсек, Қазақстан мен Ресейдiң өңiраралық ынтымақтастық форумы 2003 жылдан бастап өткiзiлiп келедi. 2015 жылы Сочиде өткен форум «Агроөнеркәсiптiк кешен саласындағы ынтымақтастық және азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету» тақырыбын арқау еткен едi.