05 ақп, 2019 сағат 20:42

Елбасы өтінішінің астарынан транзит мәселесін іздеу негізсіз - Әсел Назарбетова

Кеше, 4 ақпан күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Конституциялық кеңеске ҚР Конституциясының 42-бабының 3-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтініші жарияланды. Осы дерекке байланысты қоғамда, әсіресе әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар мен кертартпа әңгімелер орын ала бастауының алдын алу үшін Елбасы халыққа түсіндіру мәлімдемесін жасады. Онда мұндай өтініштер, яғни туындаған сұрақтар бойынша Конституциялық кеңеске оның құрылған мерзімі 1995 жылдан бері 220 өтініш жасалғаны, оның ішінде 20-ға жуығы Президенттің жеке өтінішімен болғаны атап өтілді.

Конституциялық кеңес еліміздің Ата заңының нормаларына ресми түсінік беретін орган болғандықтан, қажеттілік орын алған жағдайда ҚР Конституциясына сәйкес Президент, Сенат және Мәжіліс төрағалары, Премьер-министр, Парламент депутаттарының жалпы санының бестен бірінен кем емесі өтініш білдіре алады.

Айта кетерлігі, президенттік республикалар мысалында осы тәріздес Конституциялық кеңеске өтініш білдіру қалыпты жағдай. Батыс мемлекеттерінде конституциялық бақылау органдары құрылған. АҚШ-та бұл функцияны Жоғарғы сот орындайды, Францияда – Конституциялық кеңес, Германияда – Федералды конституциялық сот, Испанияда – Конституциялық трибуна және т.б. Конституциялық бақылау институты маңызды демократиялық институт болып табылады. Оның дұрыс қызмет жасауы Ата заңның сақталуын және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді, қоғамдағы түрлі топтардың қарым-қатынасын реттейді. Аталған мемлекеттерде Конституция немесе заң нормаларына байланысты сұрақ туындаған жағдайда конституциялық бақылау органдарына өтініш білдіру арқылы кез-келген мәселе бойынша түсінік алу – саяси жүйенің күнделікті қалыпты жағдайы ретінде қабылданады.

Басты назарда ұстайтын мәселе – Елбасы өтінішінің астарында транзит мәселесі, яғни билікті беру, болмаса мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу тұрмағандығы. Қазіргі ақпараттық қоғам жағдайында ағымдағы мәселелерге жан-жақты талдау жасау арқылы қорытынды шығару білімділікті, саяси сауаттылықты талап етеді. Сол себепті болып жатқан саяси үдерістерге байыппен қараған абзал болар еді.

Әсел Назарбетова,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы