Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Елбасының үндеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Тәуелсіз еліміз бен бас қаламыздың негізін қалаушы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандықтарға Үндеу жолдады. Бұдан да қиын кезеңде, тіпті ауыр жағдайда ел тізгінін қолына алған Тұңғыш Президентіміз халқымыздың мығым бірлігімен дүниедегі бірнеше дағдарыстан аман алып шығып, мемлекетімізді өркениетті елдер қатарына қосқанын ешқашан естен шығарған емеспіз. Экономикалық, әлеуметтік басқа да түрлі дағдарысты халықпен бірге жүріп еңсерген Елбасымыздың тәжірибесі – бәріміз үшін сабақ. Үндеуде еңбек орындарын сақтап, азаматтарды жұмыстан шығармау туралы да айтылды Бұл дегеніміз – жағдайды терең түсіне отырып танытқан үлкен жанашырлық», - деді қала әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Алтай Көлгінов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қаладағы мекеме басшыларымен келісе отырып, жұмыс орындарын сақтап, қашықтан жұмыс істеуді ұйымдастырғанын жеткізді.
«Әлемді шарпыған індет өкінішке қарай, біздің елімізді де айналып өтпеді. Үкіметтің, әкімдіктің өзара алдын ала әзірлеген дайындығының және қазіргі кезде атқарып жатқан жанкешті жұмыстарының арқасында жағдайды қатаң бақылауға мүмкіндік туып отыр. Қала карантинге жабылды. Бірақ тұрғындарға қажетті азық-түлік, басқа да тұрмысқа қажетті тауарлардың үздіксіз кіруіне кедергі жоқ. Сондықтан азық-түлік дүкендерінде үнемі тамақ болады. Қанағат қарын тойдырады дейді. Өзге елдердегідей жапатармағай азық тауарларын көшіріп алып кетуге де еш негіз жоқ. Елбасы осындай қиын кезеңде бірінші болып қоғамға үлгі көрсетті. Тұңғыш Президент Қоры есебінен 200 миллион, «Nur Otan» партиясының жобалары аясында 150 миллион теңге бөлді. Түскен қаражат карантин жарияланған қалалардағы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға атаулы көмек көрсетуге жұмсалып жатыр. Қазірдің өзінде ұлттық бизнес өкілдерінің ел-жұртқа көрсетіп жатқан көмегі үшін ризашылығын білдірген Үндеу иесі: «мұндай мәрттік жалғасын тауып, оған қосылатын бизнес өкілдерінің саны көбейе түседі деген үміттемін. Елордалық бизнес өкілдері де қолдарынан келгенше азаматтарға көмек қолын созып, қиын сәтте бірлік танытып жатыр», - деді ол.
Сонымен қатар, әкім үндеуде ұсынылғандай қалада арнайы қор ашылғанын жеткізді.
«Оған түскен қаржы мұқтаж азаматтарға, әлеуметтік осал топтарға беріледі. Сонымен қатар коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтарды күні-түні емдеп үй бетін көрмей жүрген медициналық қызметкерлерге үстемақы ретінде беріледі. Мемлекеттің жылдар бойы жинаған қоры жеткілікті. Дағдарыстар кезінде бизнесті сауықтыру үшін әрдайым қолдау жасап келеді. Қазір де көп көмек көрсетіліп жатыр. Алайда осындай, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі сыналатын сәтте халыққа көмек көрсетіп жатқан компания басшыларына, мекемелерге, жекелеген азаматтарға рахметімді айтамын. Қазір бәріміздің мақсат-мүддеміз біреу ғана. Ол – тұтас ел екенімізді танытып, тосыннан келген сынақ кезінде жұдырықтай жұмылуымыз. Және ол біздің қолымыздан келеді. Бірлігіміз бен сабырымыз сыналған талай қиыншылықты бірге жеңгенбіз. Оған кәрі тарих қаншама рет куә болған. Ол үшін шын мұқтаж азаматтарға осындайда қолдау қажет. Сондықтан, арнайы қор ашылғанын хабарлап, іс басында жүрген қаламыздың кәсіпкерлерін осы сынақта бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қолдауға шақырамын. Біз біргеміз!» - деп толықтырды А. Көлгінов.
Еске салсақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жолдаған болатын.