17 мау, 2020 сағат 11:07

«Елбасы медалі» жобасына қатысу шарттары қандай?

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде «Елбасы медалі» жобасына қатысу талаптары түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2019 жылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы белсенді және талантты жастарды қолдау бойынша «Ел үміті» жалпыұлттық саясатын ұсынды. Бұл бастама аясында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры дарынды балаларды анықтайтын «Қабілет», «Елбасы медалі» сынды бірнеше бірегей жобаны қолға алды. «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысу тәртібі Үкімет қаулысымен бекітіліп, Тұңғыш Президент қорының қолдауымен өтіп жатыр. Оның басты мақсаты - өскелең ұрпақты қолдау және ынталандыру», - деді Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасы басшысы Шолпан Қадырова әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында. 

«Елбасы медалі» жобасында әрбір қатысушыға өзін-өзі дамыту үшін жеті бағыт ұсынылған: «Спорт және дене шынықтыру», «Кітап оқу», «Дарын мен дағды», «Ұлттық мұра», «Еріктілік», «Туристік саяхаттар» және «Еңбек тәжірибесі». Бағдарламаны әзірлеуде үздік әлемдік тәжірибе қолданылған. 

«Байқауға қатысушылар жасы 14 пен 29 жас аралығында болу - бағдарламаның негізгі шартының бірі. Ал олар қайда тұрып жатыр, білімі қандай, мамандығы не, бұл жағы маңызды емес. «Елбасы медалін» мақсатына ұмтылған әрбір қазақстандық жас буын иелене алады. Бағдарламаға қатысу үшін me.fpp.kz онлайн платформасына тіркеліп, ұсынылған «алтын», «күміс» немесе «қола» бағыттарын таңдау керек. Содан кейін өзіңізге арнайы бекітілген тәлімгердің көмегімен өз қалауыңызға сай іс-шаралар мен кестені таңдап, жеке даму бағдарламасын жасай аласыз. Мүмкіндігі шектеулі жандар да бағдарламаға қатыса алатындай кесте құруға жағдай жасалады», - деді спикер. 

Оның айтуынша, бағдарлама шеңберінде еріктілердің қызметі, Мемлекет басшысының Волонтер жылының ашылуында айтқан міндеттеріне сәйкес болады. 

«Елбасы медалі» жастардың тек білімінің және табысының символы ғана болып қалмайды. Болашақ мектеп түлектері үшін де елдегі ЖОО-ларда білімдерін жалғастыруға бағытталған тың қадам. Медаль иегерлерінің ұпайлары тең болған жағдайда ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен білім грантын және қала әкімінің грантын алуға толық құқығы бар. Әрине, бұл - жағымдық жаңалық. Елордада да «Елбасы медалі» бағдарламасын дамытуға барлық шаралар қолға алынды. Бағын сынамаққа ұмтылған жастар үшін әкімдіктен қажетті қаражат бөлінді. Нәтижесінде, қаламыз бойынша дәл қазір 1351 адам бағдарламаға қатысуға өтініш берген, олардың қатары әлі де артады», - деді Ш. Қадырова.