14 жел, 2020 сағат 17:30

«Елбасы медалі», «Ел мақтанышы» және «Мың бала» жобасының жеңімпаздары марапатталды

Қазақстанның барлық өңірлерінде Елбасы Н. Назарбаевтың «Ел үміті» бастамасына қатысқан жастар марапатталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Марапаттау рәсімі Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырған «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты жастар форумында өтті. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев форум қатысушылары алдында сөйлеген сөзінде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекеттің бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуге баса назар аударып келе жатқанын атап өтті.

«Жастар жылы аясында дарынды балаларды қолдау мақсатында мен «Ел Үміті» бастамасын ұсындым. Сонымен қатар, біз «Қамқорлық» атты маңызды жобаны іске асыра бастадық», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев «Ел Үміті» жобасы елдің белсенді жастарын зияткерлік және шығармашылық даму, ұлттық мәдениет пен дәстүрді түсіну, мұқтаж жандарға көмек көрсету жолында біріктіргенін айтты.

Форум аясында «Елбасы медалі» жобасының қатысушыларына қола медальдар, халықаралық олимпиада жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларына «Ел мақтанышы» сыйлығы және ауыл оқушылары арасында өткен «Мың бала» олимпиадасының жеңімпаздарына сыйлықтар табысталды.

«Бүгін «Ел Үміті» және «Қамқорлық» бастамаларына арналған «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» форумы өтті. «Ел Үміті» бастамасы аясында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бірінші жоба – ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» олимпиадасы. Осылайша Қазақстан тарихында алғаш рет ауыл оқушылары үшін жалпыұлттық олимпиада ұйымдастырылды. Оған барлық ауыл мектептерінің 5-6 сынып оқушылары қатыса алады. Биыл 300 мыңға жуық оқушы қамтылып, екінші кезеңдегі ақтық сайысқа 5 мың адам жіберілді. Бүгін барлық өңірлерде мың жеңімпаз бала марапатталады. Осы оқу жылынан бастап 300-ден астам жеңімпаз өңірлердегі Дарын, Білім инновация лицейі, Республикалық Физмат сынды дарынды балаларға арналған мектептерде оқи алады. Қазір финалистер мен жеңімпаздар Елбасы Академиясы жанындағы «Birge Oqý» онлайн мектебінде пәндік дайындықтан өтіп жатыр», - деді «Елбасы Академиясы» КҚ директорының орынбасары Әнуар Жанғозин тілшілерге берген сұхбатында. 

Келесі жоба – «Елбасы медалі» деп аталады. 14-29 жас аралығындағы жастарға арналған жоба жастарды 7 негізгі бағыт бойынша тәрбиелеуге бағытталған. Онда 6 айдан 1,5 жылға дейінгі қола, күміс, алтын сынды қатысу деңгейін таңдай аласыз.

«Бүгін біз алғаш рет жобаға жарты жыл қатысқандарға қола медаль табыстадық. Келесі жылы медалистер саны көбейеді. Бүгінге дейін 300 медалист болса, келер жылы 6 мыңнан астам қола, күміс және алтын медаль иегерлері болады деп күтілуде. Ал «Ел мақтанышы» жобасы математика, физика, химия, биология, информатика, география, лингвистика пәндері бойынша жеті негізгі олимпиаданың жеңімпаздарына арналған. Өткен жылы Елбасы марапатты алғаш рет табыстады, биыл да оны жалғастырамыз. Ақшалай ынталандыру тек жеңімпаздар үшін ғана емес, олардың жаттықтырушылары үшін де қарастырылған. Сыйақы мөлшері 500 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін жетеді. Биыл 11 жеңімпаз бен 17 жаттықтырушы марапатталды», - деп түсіндірді Ә. Жанғозин. 

«Салалық менеджер» жобасы үлкен буын мен кәсіби мамандарға арналған. Бұл жобада 3 мың үміткерден 230 маман іріктеліп алынды, олар 11 сала бойынша бағдарламаларды жүзеге асыруда. Оларға 37 тапсырма берілді және оларды топтасып әзірледі. 

«Жоспарлардың барлығы дерлік Үкіметке, Премьер-Министрге таныстырылды. Бұл жоспарлар тек бағдарламалар деңгейінде қалып қоймай, келесі жылы жүзеге асуы үшін салалық министрліктермен жұмыс жүріп жатыр», - деді Ә. Жанғозин.