ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қоры қазақ тілін үйренуге көмектесетін жаңа жобалармен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ОҚК-да өткен бүгінгі баспасөз мәслихатында SSoyle.kz онлайн-курсының ағылшынша және латын графикасындағы нұсқасы, Android пен iOs платформаларындағы Balasoyle мобильді қосымшасы, «Ұлы дала аңыздары» («Легенды великой степи») веб-графикалық романдар сериясы, қазақ тілін үйренуге арналған Soyletube видеожобасы таныстырылды. Жобалардың ішіндегі ерекше назар аудартатыны - бұл SSoyle.kz онлайн-курсының ағылшынша және латын графикасындағы нұсқасы. Осы уақытқа дейін қазақ тілін үйрену мүмкіндігін тек орыс тілді қолданушылар пайдаланса, қазір онлайн-курс шет елдерде тұратын қазақтар мен ағылшын тілді шетелдіктерге қолжетімді болып отыр. Оған қоса портал арқылы жастар латын графикасын меңгере алады.
«Бүгінгі күні SSoyle.kz порталында 115 мыңнан астам адам тіл үйренуде. Ашылғалы оны 5 миллионнан астам қазақстандық және шетелдік қолданған. Ал әлеуметтік желілер арқылы күнделікті 30 мың адам қазақ тілін үйренеді. Бүгінгі күні «Soyle» мобильді қосымшасын 50 мың адам жүктеген. 2016 жылдан бастап «SSoyle.kz» әдістемесі бойынша Skype арқылы қазақ тілін оқыту сабақтары тегін жүргізілуде. «Астана» радиосында аптасына 3 рет қазақ тілін меңгеруге арналған бағдарламалар өткізіледі», - дейді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының баспасөз-хатшысы Оксана Лоскутова.
Оксана Лоскутованың айтуынша, Balasoyle мобильді қосымшасы дамытатын онлайн ойындар арқылы мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға қазақ тілін үйретуде. Жоба балалардың дұрыс сөйлеуіне, грамматика ережелерін меңгеруге, сөздік қорын дамытуға және қоршаған ортаны тануға ықпал етеді. Күнделікті порталды 1,5 мың адам пайдаланады.
Айта кетерлігі, барлық жобалар ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен әзірленген. Қор «Ұлы дала аңыздары» онлайн жобасы аясында веб-графикалық романдар сериясын әзірлеуді қолға алып, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «QQazcomics.kz» веб-сайты мен мобильді қосымшасы әзірлеген. «Ұлы дала аңыздары» жобасы «Ұлы махаббат туралы жеті хикая» және «Қазақ жерінің ұлы батырлары» атты бөлімдерден, сонымен қатар қазақ халқының ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жеткен тарихы мен аңыздарынан тұрады. Барлық аңыздар көпшілікке Қазақстанның киелі жерлері туралы толығырақ мәлімет алуға мүмкіндік береді.
«Samruk-Kazyna Trust» қоры әлеуметтік және тіл жобаларын, атап айтқанда, қазақ тілін үйренуге бағытталған «SSoyle.kz» онлайн-курстарына қолдау көрсетуде. Онлайн-жобаның көмегімен көптеген ғаламтор қолданушылары мемлекеттік тілді тегін үйренуге мүмкіндік алды», - дейді қордың әлеуметтік жобаларды дамыту қорының корпоративтік коммуникациялар департаментінің директоры Мирас Іргебаев.
Сонымен қатар, Мемлекеттік тілді дамыту қоры танымал Youtube бейне-платформасында тілді меңгеруге арналған пайдалы бейнесабақтар топтамасын әзірлеген. Бейнесабақтар қазақ тілінде дұрыс сөйлеуді жетілдіруге бағытталған және күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын мысалдардан тұратын диалог түрінде түсірілген. Сабақтар тілді жаңадан үйреніп бастаған және оны меңгеріп алғандарға көмектесетін ресурстар жинақталған. Қазіргі уақытта Youtube-арнасында «Soyletube» арнасының 8 бейнеролигі жүктеліп отыр.