ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен XV Еуразиялық медиафорум басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Форумның ашылуында Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Бүгінгі форум медиа саласындағы білікті майталмандардың өзара диалог жүргізуіне мүмкіндік беретін маңызды шара. Әлем құбылып, геосаяси қайшылықтар мен жаңа технологиялық мүмкіндіктер шиеленіскен қазіргі жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары қақтығыстар эскалациясының детонаторы, сондай-ақ халықаралық шиеленістерді тежеу мен алдын алудың жаһандық факторы бола алады. Осы жерде журналистердің жауапкершілігі шығады. Классикалық журналистикаға басты сын-қатер ретінде балама ақпарат көздері - блогерлер мен әлеуметтік желіні айтуға болады. Бұл ретте, дәстүрлі БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігі әрдайым журналистің кәсібилігі мен сапалы контент болып келеді. Осы мақсатта осындай диалог алаңдарын құрудың өзектілігі арта түседі», - делінген Президенттің құттықтауында.
Айта кету керек, бүгін Алматыда Еуразиялық медиа форум басталды. Форум алғаш рет өткізілген уақыттан бастап 15 жылда Қазақстанға 6 мыңнан астам шетелдік делегат келген. Конференцияның ауқымы мен халықаралық деңгейі еліміздің ғаламдық ақпарат кеңістігінің ажырамас бөлігі екенін білдіреді.