ЭКСПО көрмесіне дайындық жұмыстарын пысықтауға арналған жиында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесін барлық БАҚ-та белсенді насихаттауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көрменің мақсаты ел беделін арттыру үшін ғана емес, келушілерге алдыңғы қатарлы технологиялармен таныстыру екендігін атап өткім келеді. Келушілерді ғана емес, Қазақстан азаматтарын. ЭКСПО-2017 көрмесін, оның экспонаттарын әлемге және ел ішінде насихаттауда барлық бұқаралық ақпарат құралдарын тарту қажет. Абаев, бұған сен жауаптысың. Көрмені тамашалаудың маңыздылығы мен мәнін халыққа ұғынықты жеткізу керек», - деп атап өтті Елбасы Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевқа қаратып айтқан сөзінде.
Президент, сонымен қатар, ЭКСПО нысандарын көрмеден кейін де қолдану мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, әрбір нысан ел игілігі үшін тиімді қолданылуы тиіс, шығынды өтеп қана қоймай, ел экономикасына қызмет етуі шарт.
Үкіметке және «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының басшылығына Президент көрме аяқталған соң, ЭКСПО нысандарын қолданудың қосымша нұсқаларын пысықтауды тапсырды.