- Бүгін Экспо көрмесінің аумағында Тəуелсіздіктің 25 жылдығына орай жаңа монументтің ашылу салтанатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының əкімі Əсет Исекешевтің қазақша баяндамасын түсіне алмай, əкімге ресми тілде құттықтау айтуға рұқсат берді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев монументтің ашылуына жиналған халықты Тəуелсіздік күнімен құттықтап, Қазақстан мен Астанадағы сəулетті монументтердің жылнамасына тоқталып өтті. Ал, Тəуелсіздіктің 25 жылдығын аңғартатын жəне 2017 жылдағы басты алаң - Экспо көрмесінің маңында орналасқан биік монументтің маңыздылығына тоқталған Елбасы ортаға монумент авторларын шақырды.
Бірақ, монумент авторлары ортадан табылмаған соң, Мемлекет басшысы Астана қаласының əкімі Əсет Исекешевті жанына шақырды.
"Негізі, бүгін сен (Əсет Исекешев) бүкіл жайды баяндау керек едің, бірақ, аязда мен баяндама жасадым", - деп қалжыңдаған Мемлекет басшысы Əсет Исекешевпен бірге ортаға шыққан құрылыс компаниясының өкілін тыңдады.
Монументті салған құрылыс компаниясы есеп берген соң, елорда əкімі Əсет Исекешев халықты құттықтау үшін дайындап келген баяндамасын оқи бастады.
"Аса мəртебелі Елбасы! Қадірлі салтанатқа жиналған қауым! Еліміздің ең ұлық та қасиетті мерекесі - Тəуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы құтты болсын. Осы ширек ғасыр ішінде арман-мұраты айқын, жасампаз елге айналдық", - деп баяндамасын бастаған Əсет Исекешевті Елбасы тоқтатып, "түсініксіз, орысша жалғастыра бер", - деді. Астана əкімі құттықтауын ресми тілде жалғастырды.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Тəуелсіздіктің 25 жылдығына арналған монументтің ашылуына қатысты.