«Мұғалімнің мәртебесін қалай көтеруге болады?» деген сұрақ көпшіліктің көкейінде көптен жүрген үлкен мәселе. Мұғалім мәртебесін көтеру, ұстаздар қауымының жағдайын жасау – Білім және ғылым министрлігін басқарып отырған Сағадиев мырзаның тікелей міндеті. Бұған қоса зиялы қауым өкілдері мен ғалымдардың, қоғамның барлық мүшесінің жұмыла жұмыс жүргізгені дұрыс.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы қазан айындағы жолдауында ұстаздар қауымының мәртебесін көтеруге қатысты нақты бастама көтерді. «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет екенін айтып, көпшіліктің көкейінде жүрген өзекті мәселеге мемлекет назарын аударды.
Шыны керек, бүгінгі уақыт көрнекті ақын Мағжан Жұмабаевтың «Игі жақсы бас қосқанда –төр ұстаздікі» деген аталы сөзінен ажырап қалғандай...
Еліміз егемен ел болғалы қаншама оқыған, білімді, майталман жігіттер Білім және ғылым министрлігін басқарды. Амал не, мұғалімнің мәртебесін былай қойғанда, жібі түзу бірде-бір жаңалық енгізе алмай кетті. Неге?
Қазіргі кезеңде «жаман оқушы жоқ, жаман ұстаз бар» деген тұжырым қанатты сөзге айналып кетті. Осы бір ауыз сөзбен-ақ мұғалімнің болмысын аяқ асты болғандай әсер берді. Бұрынғы педагогика ілімінде мектеп жасындағы ұл-қыздарды қабілеті мен мінез-құлқына байланысты топтап, соның негізінде мұғалім, әр баланың ерекшелігі мен мүмкіндігіне байланысты білім беретін және ол өте тиімді болатын. Дарынды, алғыр бала болғанда, қабілеті төмен, есте сақтау қабілеті нашарлау бала жоқ деп кім айта алады?! Бұл жерде әңгіме «жаман бала» деген түсінікке қатысты емес. Оқуға деген баланың мүмкіндігін сөз болып отыр.
Қазіргі кезде мұғалімді жамандау «модаға» айналып кетті. Теледидардан, газет-журналдардан ұстаз туралы әңгіме бола қалса, бітті, мұғалімді жамандаудан басталады: мұғалімнің сауатсыздығы, жалқаулығы, өз жұмысын игере алмайтындығы, т.б. Оны жалпы халық тіпті, мектеп оқушылары оқып, көріп, естіп отырады. Үнемі жамандаудан көз ашпайтын ұстаздарды тапа-тал түсте ел алдында жексұрын етіп, төс-табанын жерге тигізеді. Айналып келгенде, күйбеңдеп өлместің күнін әрең көріп жүрген, өз бала-шағасына мейрімін толық бере алмай, ата-аналық борышын атқаруға мұршасы болмай, басшыларға жалтақтаумен күн кешкен мұғалімдер желауыздардың мазағына айналады. Міне, мәселе қайда жатыр?!
Бұрынғы кезде, ұстаз келе жатса, шәкірттер жапа тармағай бас киімін шешіп сәлем беретін. Мұғалімдер құдды бір әулиедей көрінетін.
Ал қазір ше? Қазір балаға сәл қаттырақ сөйлеп, «сен бұзық екенсің» деп айтып көріңізші, қып-қызыл дауға қаласыз. Папасы не мамасы келіп, сенің кім екеніңді түгелдеп, сауатсыз екенің «дәлелдеп» айтатынын айтып, есігіңді теуіп шығып кетеді. Сонда деймін ғой, сол кісілер мұғалімнің сауатсыз, білімсіз екенін БАҚ арқылы оқып, біліп отыр емес пе?! Немесе мұғалімнің сабағына кіріп, сол мұғалімнің білім деңгейін тексеріп, көріп білмесе, оның сауатсыз екенін нендей себептерге сүйеніп айтады.
«Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деген екен ұлы ғұлама әл-Фараби. Қазіргі кезде осындай ұстаз болуы мүмкін бе? Өзге талап-тілектерін айтпай-ақ, ұстаздардың өзіндік психологиясын қалпына келтірудің өзі де қиын шығар. Дегенмен, ештен кеш жақсы, жұмыла көтерген жүк жеңіл. Алдағы уақытта тиісті қадамдар жасалып, елдің көмегі арқасында ұстаздар еңсесін көтерер сәт те келер.
Енді мұғалімнің мәртебесін көтеру жөнінде бірнеше ұсыныс айта кетсек:
1. Мұғалімнің айлығын көбейту қажет. Бұл – өте орынды мәселе. Айлығы көбейсе, ұстаздардың жағдайы сәл де болса жақсарар, сабағына ыждаһаттылықпен дайындалып, жұмысын жемісті етуге тырысады. Бірақ бұл ұстаз мәртебесін көтеретін сан салалы жолдың бірі ғана.
2. Мұғалімдерді жамандап жазылған бірде-бір мақала болсын, келеңсіз пікірлер болсын халық оқитын, оқушылардың қолына түсетін басылымдарда жария етілмеуі керек. Этиканы сақтап, ұстаздың беделін түсірмеу керек. Ұстаздардың білімін, т.б. іс-әрекеттерін реттейтін де, тәртіпке келтіретін мектеп педкеңесі, аудандық білім бөлімі, облыстық білім басқармасы, қала берсе, Білім және ғылым министрлігі бар. Осылар да жетіп артылады.
3. Әкімшіліктер мен басқа да құзырлы орындар мектеп директоры мен мұғалімдерді қолбала етіп, табыс көзіне айналдырып, көше сыпырту мен кез келген жиынға жетелеп апаруын тоқтатсын. Ұстаздарға қажеті шамалы қағаз толтыртуды азайту қажет.
4. Мұғалімді кінәлі деп тапқан немесе оның біліктілігіне күмән келтіретін ата-ана, арнайы орындарға арыздансын, бірақ үйдегі бетпақтығын мектепке келіп, оқушылардың алдында мұғалімді жәбірлеп ар-намысына тиіп, қадірін кетіретін тірлік жасауына үзілді-кесілді тыйым салынсын.
5. Қазір барлық жерде бәсекелестік деп жатады ғой, сондықтан басына қауіп төніп, жабылып қалатындай басылымдарға ұстаздарды зорлап жаздырмасын. Қазіргі таңда мұғалімдердің өз басылымдары жетіп артылады.
6. Мектеп директорының өзі ұстаздарды есігінің алдындағы күңіндей жұмсамайтын, этиканы сақтай білетін, ағайын, жекжат, тума-туыс деп мұғалімдерді бөліп-жармай, параға жүгінбейтін, ұжымдағы психологиялық ахуалды реттей алатын, мұғалімдерге жаны ашитын үлгілі ұстаз болуы керек. Бұл – әсіресе ауыл мектептеріне байланысты айтылып отырған мәселе. Ешкімге де жасырын емес, көп жағдайда мектеп басшылары таныс-тамыр арқылы жұмыс жасайды.
7. Жаңадан оқу орнын бітіріп келген жас маманнан арнайы 6-7 ұстаздан жасақталған комиссия мүшелері тест алатын болса, одан кейінгі кезеңде, жас маманға, пәніне байланысты білімді мұғалімнен жетекші ұстаз бекітілсе, өте орынды болар еді. Бәлкім осы жағдайда мектепте жаман ұстаз болмас па еді.
8. Оқулық шығару тендірге байланысты болғалы бері қаншама дау-дамай болып жатыр. Сондықтан да Білім және ғылым министрлігінің өз баспаханасы болуы қажет. Баспахананың ұжымына, әр саланың педагог-ғалымдары, еңбегі сіңген ұстаздар, білікті психологтар және статистика мамандары кіруі керек. Баспахананың өзіндік болуының тиімділігі – кез келген кемшілікті, қателікті дер кезінде жөндеуге мүмкіндігі мол болады. Қажетті деген мәселені дер кезінде шеше алады.
Мұғалімді қадірлеген елдің, қадірі артады, мәртебесі көтеріледі. Мұғалім мәртебесі – ел мерейі.
Абдісамат Сегізбаев